Жас жігіт бөтен біреудің соғылған көлігін тиеп, үйіне алып кетті

0

Полицейлер Талғар ауданында «Nissan» маркалы темір тұлпар қолды болған қылмысты бір сағат ішінде әшкереледі, деп хабарлайды zakon.kz.

Талғар ауданындағы Бесағаш ауылында орналасқан көлік сату орталықтарының біріне тиесілі көліктің ұрланғаны туралы полицияға арыз түскен. Қылмысқа қатысты адамдарды анықтау туралы тапсырма тәжірибелі мамандарға тапсырылған.

«Көлік сату орталығының аумағынан «Nissan» маркалы жеңіл көліктің ұрланғаны анықталды. Осы қылмысты ашуға бағытталған кеңауқымды шаралар барысында барлық бейнекамералардың жазбаларын зерделеп, бір сағат ішінде қолды болған көлікті таптық. 1998 жылы туған күдікті қылмысын бірден мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды», — деді Талғар АПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Исламжан Усманов.

Тергеу барысында күдікті көлік сату мекемесіне жақын жерде көп жыл иесіз тұрған көлікті сыртынан көріп жүргенін және оны ешкімге қажет емес екен деп ойлап, заң алдындағы жауапкершілікті ескерместен, өз үйіне тиеп кеткенін мойындаған.

Қазіргі уақытта қолды болған көлік тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Заң талаптарын білмеу адамдарды жауапкершіліктен босатпайтыны анық. Ендеше, жергілікті тұрғын өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін заң алдында жауап беретін болады.