«Жақындарым ЭКО жасатуды ұсынды»: Аяғы ауыр Айсәуле Бақытбек жүктілігі туралы айтты

0

Жуырда аяғы ауыр екенін мәлімдеген Айсәуле Бақытбек екі жыл бойы жүктілігіне мұқият дайындалып, іштей сәбилі болуға әзір болған кезде ғана бала көтеруге бел буғанын айтты. Осы тақырыпта арнайы видео түсірген блогердің бұл шешімін тіпті жақындары да түсінбей, жас жұбайларға ЭКО жасатуға кеңес берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. «Көптеген жандарды қызықтырған сұрақ — менің жүктілігім. Осы уақыт аралығында мен желіде қаншама әдепсіз жан барын түсіндім. «Неге әлі бала жоқ, ит баққанша бала бақпайсың ба», — деді. Жалпы алғанда жұрттан көп нәрсе естідім. Сондықтан, бала көтермес бұрын, неге екі жылдан астам уақыт күттік деген сұраққа жауап бергім келіп отыр. Негізі осы арқылы мен сияқты туысқандары, достары, жақындарынан қысым көретін мен сияқты жас келіндерге қолдау білдіргім келеді.

Менің жағдайымда бұл қысым көпшілік тарапынан да көрсетілді. Түрлі жағдайлар болды. Мысалы, 20-30 адаммен бірге қонақта отырасың, сонда «Қашан? Неге көтермей жүрсің» деген әңгіме болғанда өте қиын. Біз екі жыл бойы сәбилі болмай жүргеніміз тіпті жақындарымызды да алаңдата бастады. Олар тіпті ЭКО жасатыңдар деп тұспалдап айта бастады. Әрине, олардың барлығы жамандық ойлап отырған жоқ. Бірақ, отбасылық өміріңіз бірден бала көтерумен басталғанын қаламасаңыз, елдің сөзін көңіліңізге алмаңыз», — деп кеңес берді ол. Айсәуленің айтуынша, жолдасы екеуі бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен келген. Сондықтан, толықтай медициналық тексерілуден өтіп, бала көтерер алдында барынша дайындалған. Ол аталған видеода жүктілікке қандай дайындық жасау керек екенін, қандай қан талдауларын тапсырған жөн екенін айтып, қыз-келіншектерге кеңесін аямады.