Жанболат Ағаділдің өлімі: Күдіктінің анасы маңызды мәлімдеме жасады
11 қарашаға қараған түні марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ пышақ жарақатын алып, қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде Өміржан Рахмет есімді азаматтың “марқұмды абайсызда пышақтадым” деген бейне үндеуі тарады.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті аталған видеоға байланысты пікір білдірген жоқ. Күдікті ретінде ұсталған 1999 жылғы Өміржан Рахмет қамауда отыр. Оны жақындарымен, адвокатпен сөйлестірмейді.
Күдіктінің анасы, І топтағы мүгедек Инабат Абдиева баласының кінәсі жоқ екенін, оған әлдекімдер жала жауып отырғанын, төбелес күні көңілге күдік ұялататын кейбір жайттар болғанын айтты деп жазады Qamshy.kz.
Басылым мәліметінше, күдікті Өміржан Рахмет әскерден келген соң 2020 жылдың сәуір айында жұмыс істеу үшін Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауданынан Нұр-Сұлтанға келген. Қыркүйек айында қарындасы елордаға оқуға түсіп, анасы екеуін көшіріп алыпты. Содан кейін барлығының бірге пәтер жалдап тұрғаны белгілі болды.
Күдіктінің анасы Инабат Абдиева қайғылы жағдай орын алған күні ауруханаға қаралу үшін Таразда жүрген. Ол жағдайды естіп, тез арада Нұр-Сұлтан қаласына келгенімен, баламды әлі көрмедім деп отыр. Абдиеваның айтуынша, Өміржан Рахметті 11 қараша күні үйде отырған жерінен Азамат есімді танысы шақырып алған. “Балам сол күні қызым екеуі үйде отырған. Қызымның айтуынша, түнде Азамат деген танысы хабарласып, “братан, келіп алып кетші” депті. Өміржан шақырған жерге өзінің Mersedes көлігімен барып, жаңағы баланы алып кеткен. Артынша екеуі де ұсталып, Жанболат Ағаділдің қайтыс болғанын білген. Баламның машинасы төбелес орнында болмапты. Ал полицейлер оны төбелеске қатысты деп отыр. Ал балам ол уақытта Whatsapp арқылы құрбысымен сөйлесіп, фото жіберіп отырған. Яғни төбелес болған жерде болмаған. Тек жолдасын алып кетуге ғана келген”, – дейді ол.
Мүгедек ана Азамат есімді бала Өміржанға жала жауып отырғанын жеткізді. “Мен қазір барлығынан сұрастырып жатырмын. Күдікті ретінде ұсталғандар арасында бәрінің қолы бос болып, тек менің баламды ғана екі бүктеп алып кеткен.
Тәртіп сақшыларына жеткізілген соң оқиғаның мән-жайын жазғанда әлгі Азамат деген бала бар кінәні Өміржанға артып, “Өміржан пышақтады” деп жазып, “подставить” етіп отыр. Ол баланың (Азамат – ред.) осы күнге дейін полицияға бірнеше рет түскенін кейін білдік”, – дейді Инабат. Сонымен қатар, күдіктінің анасы тергеуде түсініксіз жайттар бар екенін жасырмады. “Тергеу жүріп жатыр дейді. Егер тергеу аяқталмаған болса, баламның видеосын неге шығарды? Полициядан сұрасам, “біз шығарған жоқпыз, өздері шығарған шығар” дейді. Осындай жауап бола ма? Оның үстіне төбелес болған жерде бейнебақылау камералары бар. Бірақ камера дәл сол күні істемей қалады да, ертесі күні істеп кетеді. Бұл қалай?
Төбелес болған орынға жақын жерде күзетші болыпты. Енді соны қазір таппай жүр екен. Баламды маған да, адвокатқа да көрсетпей отыр. Өміржанның бұл істе еш кінәсі жоқ екеніне сенімдімін. Баламды Азамат деген бала “подставить” етіп отыр. Мен Азамат деген бала тергеу абақтысында Tik-Tok түсіріп жүр дегенді естідім. Ол “условно” алып шығып кетем деп емін-еркін жүрген көрінеді”, – деді Рахмет Өміржанның анасы. Еске сала кетсек, 10 қарашада елордадағы Көктал шағын ауданында жаппай төбелес болып, пышақ жарақатынан 17 жастағы Жанболат Ағаділ көз жұмды. Кейін оқиғаның кездейсоқ куәгеріне айналған Нұр-Сұлтан тұрғыны болған жайттың егжей-тегжейін айтып берген еді. Сондай-ақ ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы оқиғаның қалай болғанын баяндап, марқұмның өліміне күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Санжар Әділовтің сөзінше, жанжал ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекенінің жастары арасында туындаған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласқан. Оған Жанболат Ағаділ де қатысыпты. Ал 13 қарашада қазақстандықтар Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне күннің суықтығына қарамастан 200-ге жуық адам келген