Жаңа президент, елорданың жаңа аты: неліктен халық 2019 жылды ұмытпайды? – Қазақстан жаңалықтары

0

Ескі жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп дейтін халқымызда қанатты сөз бар. Десек те өтіп бара жатқан 2019 жыл еліміз үшін ірі өзгерістер мен үлкен жаңалықтарға бай болды. Stan.kz тілшісі биыл орын алған ең үлкен саяси, қоғамдық, әлеуметтік оқиғаларды еске түсірді.

2019 жылдың ең басты оқиғасы – 30 жыл билік тізгінін ұстаған Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілеттілігін тоқтатуы болды. 79 жасқа келген Назарбаевтың орнын Ата Заңға сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басты. Дегенмен мемлекеттегі елеулі шешімдер әлі де Елбасының қатысуынсыз қабылданбайды. Тұңғыш президент Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы және Конституциялық кеңестің мүшесі болып қалады. 

Астана

20 наурызда тұңғыш президенттің тарихи ролі мен орнын ескеріп, бұрынғы Сенат төрағасы, президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Қала мәслихаты бұл ұсынысты қолдап, 23 наурызда президент сәйкесінше бұйрыққа қол қойды. Бұдан басқа елдің барлық ірі қалаларында орталықтағы даңғылдарға тұңғыш президент есімін беру ұсынылды. Алматыда кеңес өкіметінен қалған орталықтағы Фурманов көшесі Назарбаев есімін алды. 

2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, отставкаға кететінін мәлім етті. Мемлекет басшысының міндеті сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. 9 сәуірде Тоқаев халыққа үндеу жариялап, кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленгенін мәлімдеді. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96% дауысын жинады. Елдің жаңа президенті кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісінен кейін БАҚ өкілдерінің алдына шығып, мәлімдеме жасады. «Ең алдымен маған дауыс берген Қазақстан азаматтарына алғыс. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкешілікті орындау – мен үшін үлкен міндет. Бұл – халықтың сенімі», – деді Тоқаев.

Соңғы президент сайлауының нәтижесі үлкен дауға соқтырып, арты жаппай митингтерге ұласты. Оппозиция өкілі ретінде сайлауға қатысқан Әміржан Қосанов жақтастарымен бірге елдің түкпір-түкпірін аралап, сайлауалды кампаниясына белсенді кіріскен еді. Халықтың біраз бөлігі Қосановқа дауыс беретіндерін айтып жатты. Дегенмен халық сенімін артқан үміткер сайлаудың алдын-ала қорытындысы шыққан түні күтпеген мәлімдеме жасады. Ол саяси қарсыласы Қасым-Жомарт Тоқаевты айқын жеңісімен құттықтап, сайлауды таза әрі әділ өткенін айтты. Ол сайлау нәтижесімен келіспей, митингке шығып кеткендердің әрекетін «саяси провокация» деп атап, «шетелде кофе ішіп отырып, халықты наразылық шараларына итермелеген «псевдооппозиционердің» жымысқы әрекеті» деп бағалады. Сайлаудың қорытындысы бойынша, Әміржан Қосанов 16,23% дауыс жинады.

Ринат Зайтыов

ҚР ішкі істер министрлігі 9-10 маусым күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында болған митингілер кезінде 700 адам ұсталғанын хабарлады. 10 маусымда танымал айтыскер ақын Ринат Зайытов сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, кешке «Алматы» аренаның алдында кездесу өткізетіні туралы мәлімдеген. Ол алдағы уақытта өзінің саяси партиясын құратынын мәлімдеген. Көп ұзамай сөз сөйлеп жатқан жерінен Зайытовты полиция ұстап әкетеді. Алайда оның арты наразылық шараларына ұласып, мыңға жуық алматылық тұрғын жаяу «Целинный» кинотеатрына қарай беттеп, ІІД алдында ақынды босатуды талап етеді. Үш сағат уақыттай Ринат Зайытовты күткен халық әнұран айтып, тарқасудан бас тартады. Бірнеше сағаттан кейін тәртіп сақшылары жиналған қауымның алдына Ринат Зайытовты шығарып, ақын халыққа қолдауы үшін алғыс білдіріп, үйлеріне тарқауды өтінеді. Қоғам белсендісі алматылықтарға видеоүндеу жасап, жағдайының жақсы екенін, даурыққан жұртқа басу айтып, тынышталуға шақырды. «Мың да бір алғыс сіздерге. Мен сіздердің барлықтарыңызды жақсы көремін. Арандататындар болады, несін жасырамыз. Мен барлығың үшін осы жерде өлуге дайынмын. Мен үйден келдім. Сондықтан барлығыңыз тараңыздар. Осы сәтте арандамай тарқайықшы, ағайын. Бәрі бітті», – деді Ринат Зайытов. Полиция өкілдері «Зайытовпен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, ол босатылды» деп мәлімдеме жасайды.

Жыл басында бүкіл елді дүр сілкіндірген, халықтың қабырғасын қайыстырған трагедия орын алды. 4 ақпанда түнде астанада Көктал-1 елді мекенінде жер үйлердің бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласының өмірін жалмады. Құтқарушыларға хабарлама көршілерден келіп түскен. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 қыздың денесі табылды. Тілсіз жау қыз балалар ұйықтап жатқан кезде басталған, ата-аналары түнгі аусымдағы жұмысқа кеткен. Ол түні балалармен бірге болуы тиіс әкесін аяқ астынан жұмысқа шақырған екен. 

Бес баланың өлімі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан көмек қажет екенін айқын көрсетті. Трагедиядан кейін үкімет атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды. «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңына сәйкес бір адамға немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс және облыстарда белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде уәкілетті орган есептейді. Отбасының құрамы және табыстар өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі. Ал өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы хабарлауға міндетті.

Осы жылдың 24 маусымында таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болды. Ресми мәліметке сүйенсек, жарылыс салдарынан 3 адам қайтыс болып, 500-ге тарта адам ауыр жараланған. Айдың-күннің аманында төбелерінен бомба атқылап, снарядттар жарылғанда есеңгіреп қалған жұрт өре түрегелді. Бүкіл Қазақстан болып «Біз Арыспен біргеміз» деген ұранмен көмек қолын созды. Қираған үйлерін тастай қашқан Арыс жұрты Шымкент басшылығынан пана сұрап, көшеге шығып кетті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халқымен бірге екенін білдіру үшін 1 ай бойы Арыс қаласында тұрды. Ұлттық қордан 30 млрд-қа жуық ақша бөлініп, 1200 тарта үй қалпына келтірілді. 

15 қыркүйекте Алматы облысы Шымалған станциясында үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз жолда кідіріп тұрған автобусқа соғылды. Салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, үш адам жарақаттанды. Оның екеуі – балалар. Апат кезінде автобуста 67 адам болған. 

10 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Жусан-2» гуманитарлық операциясы барысында елге 231 Қазақстан азаматы қайтарылғаны туралы хабарланды. Оның 59-ы – әйел, 156-сы – өрімдей бала. Шараға Сыртқы істер министрлігі өкілдері мен күштік құрылымдар қатысты. Елге қайтарылған балалардың 18-і – жетім. Арнайы жасақ лаңкестік топтарға мүше болған 16 отандасымызды да елге оралтқан. Елге қайтарылған әйел мен балалар қаладағы оңалту орталығына жеткізілді. Гуманитарлық операция – жыл басында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы. Биыл қаңтар айында Елбасы пәрменімен 47 отандасымыз Сириядан елге жеткізілген еді. Сириядан оралған 14 азамат террористік әрекет етті айыпталуда. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа өтті. 

Дариға Назарбаева: Ер адамдар 45 жастан асқан әйелдерді кәрі деп санайды

20 наурызда Дариға Назарбаева елдегі екінші маңызды тұлғаға айналды. Депутаттар бірауыздан 55 жастағы Назарбаеваның кандидатурасына дауыс беріп қолдады. Бұған дейін ол Сенаттағы Халықаралық қатынастар, Қорғаныс және Қауіпсіздік комитетін басқарған еді. Дариға Назарбаева 2 қыркүйекте жасырын дауыс беру нәтижесінде қайтадан Сенат спикері болып сайланды. Санақ комиссиясының қорытындысы бойынша, 48 сенатор Дариға Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға несиелерін кешіру туралы бұйрыққа қол қойды. Несиелік амнистияға 3 млн теңгеге жетпейтін несиесі бар және қарызы 300 мың теңгеден артық азаматтар иеленді. Мемлекет аз қамтылған азаматтардың қарызын өтеуге 105 млрд теңге жұмсады. Оның 88 млрд-ы қазынадан бөлінді. Бұл науқан 500 мыңға жуық қазақстандыққа пайдасын тигізді. Президенттің айтуынша, қоғамның пікірін екіге бөлген бұл шара банк секторын жандандыру үшін қабылданды. 

Алматыда ұшақтан қаза болғандар саны 14 адамға жетті

Жаңа жыл қарсаңы күллі әлемді дүр сілкіндірген қазақ елі үшін қаралы оқиғамен есте қалды. Алматы әуежайының маңында «Қызыл ту» поселкісінде бортында 98 адамы бар Bek Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлады. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша, әуе апатында 12 адам қайтыс болып, ауруханаға 54 адам жеткізілген. Оның 18-інің жағдайы ауыр деп бағалануда. Қайғылы жағдайдан көз жұмғандар арасында «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рүстем Қайдаров пен «Информбюро» ақпараттық агенттігінің журналисті Дана Круглова бар. Ұшақ апатынан кейін арнайы штаб құрылып, зардап шеккендер мен олардың отбасына медициналық, психологиялық көмек көрсету мен әуе апатының себептерін зерттеу қолға алынды. 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді. Сонымен қатар мемлекет басшысы апаттан қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден көмек бөлуді тапсырды. Сонымен қатар президент алдағы уақытта барлық әуе тасымалдаушы ұйымдарының қызметін тексеруге бұйрық берді. Bek Air әуе компаниясының қызметі тергеу амалдары аяқталғанша уақытша тоқтатылып, Қазақстанда Fokker 100 ұшақтарының қолданылуына тыйым салынды. Компания өкілдері ұшақ апатына оқиғаға дейін ұшып шыққан «Airbus» әуе кемесінің қалдырған «серіктік ізі» себеп болуы мүмкін деген болжамын жариялады.

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз