«Екінші Bek Air-ге аттап жоламаспын»: Ұшақ апатынан аман қалған жолаушы оқиға жайлы баяндап берді – Қазақстан жаңалықтары

0
40

Fokker-100 ұшағы құлаған кезде апаттан аман қалған жолаушылар құтқарушылар жетпей жатып, өздігімен сыртқа шығуға тырысқан. Өзідерінің жарақаттарына қарамастан азаматтар бір-біріне көмек қолын созыпты. Бұлардың арасында жанында отырған жүкті әйелді құтқарып, басқаларына жәрдемдескен Темірлан Қадауов та бар. Ауруханада жақында ғана шыққан ол өз көзімен көрген апат жайлы 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Құлаған ұшақта болған жолаушылардың бірі Темірлан Қадауов сол қорқынышты күнге қайта оралып, болған жайтты баяндап берді. 

«Мен рейске кешігіп қала жаздадым. Ұшаққа кірген кезде құдды бір суық автобустың ішіне кіргендей болдым. Бұған қоса әуе борты ескі екені көрініп тұрды. Оның терезелері аяздан қатып қалыпты. Басқа ұшақтардан мұндайды байқамаппын. Біраздан соң біртіндеп әуеге көтіріле бастадық. Музыка ойнап тұрған еді, бірақ соның өзінде тарс еткен дауысты естідім. Осы кезде жүрегім бір нәрсені сезе бастағандай. Ұялы телефонымды өшіріп, құлаққабымды шешіп дайындала бастадым. Бір кезде тарсылдаған дауыс тағы бір рет шықты. Алайда оның дауысы біріншіден қарағанда қаттырақ болды, ұшақтың ішіндегі жарықтар жанып-өше бастады», – деді Темірлан.

Сөзінше, екінші тарсылдаған дауыс ұшақтың ұшып барып, жерге қайта тиюінен пайда болыпты. 

«Бір кезде жылдам көтеріле бастадық. Сөйтіп отырған кезде кенеттен ұшақты оң жаққа тартқандай сезіндім. Осы кезде бұлай болмау керек, бұл дұрыс емес деп ойладым. Жанымда отырған Гүлім есімді жүкті әйел орындыққа жармасып алыпты. Біз ұшақтың құлап бара жатқанын байқадық. Жоғарыдан төмен қарай түскенде денеңде бір сезім пайда болады ғой, дәл сондай болды», – дейді ұшақ апатынан аман қалған жолаушы. 

Осы кезде алдыда, артта отырған жолаушылар байбалам салып, кейбіреулері тіпті айқайлай бастапты. Артынша ұшақ жерге құлап, алды жақтан әлдебір түсініксіз заттар Темірлан отырған қатарға ұша бастапты. 

«Осы сәтте Гүлімді көлегейлеп қалдым, ол болса алдыға жаққа қарай басын жауып, еңкейіп алды. Алдыға беркер қараппын: бетіме қар, шаң, құм-топырақ бәрі ұша бастады. Ұшақ екіге бөлініп кетіпті, оның мырт сынған жерінде сыртқа шығатын есік секілді сынық пайда болды. Біз сол арқылы сыртқа шықтық. Далаға қарай бет алып келе жатсақ, біздің астымызда бір қыз қалып қалыпты. Ол жерде жатып алып жылап, көмектесуді өтініп жатыр екен. Қандай сұмдық. Гүлімді сыртқа шығарып, әлгі қызды құтқармақшы болып, жатқан жерін босатып жатсам, бір азамат мені айқайлап, көмекке шақырды. Айтуынша, оның жанында кішкентай қызы бар әйел шыға алмай қалыпты. Жүре алатындар, аз жарақат алғандар басқаларына көмектесе бастадық, Барлық жерден айқайлаған дауыстар естідік», – деді ол. 

Айтуынша, ұшақтың ішінде не болып жатқаны түсініксіз, барлық жерде қайдан шыққаны белгісіз кірпіштердің үйіндісі жатыпты. 

«Барлығы айқайлап көмек сұрап жатты. Шатаспасам, жедел жәрдем 30 минуттан кейін келді-ау шамасы. Маған солай болып көрінді», – деп еске алды Темірлан.

Бұған қоса өмірінде үш рет қана ұшаққа отырып, оның үшіншісінде апатқа тап болған Темірлан, енді Bek Air әуе компаниясы кінәлі емес деп табылып, өз қызметтерін жалғастыратын болса да, екінші олардың маңдарына аттап жоламаймын дейді. 

«Бұл компания қызметкерлері алғашқы күндері емес, апаттан кейін төрт күн өткен соң маған хабарласып тұр. Сондағы маған айтқан сөздеріне таңқалдым. Олар менен менің құжаттарым мен мен туралы мәліметтерді сұрастырды. Айтуларынша, маған өтемақы төлемекші екен. Мен бұдан бас тарттым. Айтып тұрған сөздеріне қарасаң, ақша төлей салса, барлығы ұмытыла салатын секілді. Мен зардап шеккен азаматтарды өз көзіммен көрдім. Ауруханада менімен бірге тағы үш адам жатты. Үшеу де ауыр жарақат алған, біреуі тіпті төсектен тұрса, басы айналып, мүлдем өздігімен жүре алмай қалған. Тағы біреунің екі аяғына да зақым келген», – деп аяқтады сөзін жолаушы. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Bek Air ұшақ апаты кезінде жүкті әйелді өз денесімен жауып, оған көмектескен азамат жайлы айтылған еді. Ол өзінің жарақаттарына қарамастан, басқа жолаушыларға ұшақтың сыртына шығуына көмектескен.


Алматы маңындағы ұшақ апаты жайлы соңғы жаңалықтарды мына жерден көріңіз


 

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз