Жамбыл облысында бір отбасыны қырып салған шопан ұзақ жылға сотталды
Ер адам қожайыны мен оның екі баласын өлтіріп, бағалы заттар мен ақшаны алып, қашып кеткен
АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Таразда бір отбасыны аяусыз өлтірген ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Сот барысында 42 жастағы қылмыскер бұл қатыгездікке жұмыс берушіге ренжіген соң бардым деп ақталған. Өзінің айтуынша, қожалық иесі оны құлша жұмсап, зорлық-зомбылық көрсетіпті.
«Ол адамдарды өлтіруге ойым болған жоқ дейді. Оның жауаптарымен сот келіспейді, өйткені адамды балғамен бастан ұрса, пышақты денесіне тықса, адам өлтіруге ойы болмаған деп сенуге болмайды», — деді судья Азамат Тілепов.
Жамбыл облысын дүр сілкіндірген қанды оқиға төрт ай бұрын Шу ауданында болған. Таңертең ұйқыдан тұрған қойшы қожайынын балғамен ұрып, кейін пышақтап өлтіреді. Содан соң кәсіпкердің ұйқыда жатқан 16-17 жастағы екі баласын төсектен тұрғызбай бірінен соң бірін бауыздап тастапты. Сол күні кәсіпкердің әйелі үйінде болмаған.
Үйдегі ноутбук пен ұялы телефонды, ақшаны алған қаскөй көрші шаруашылықтағы бөтелкелес жолдасына барады. Ертесінде күні бойы досымен ішіп, кейін Шу қаласына пойызбен барып, ұсталған.
Ер адамның психикасы бұзылғаны анықталды, алайда бұл оны жазадан құтқарған жоқ. Қожайынын ұлдарымен бірге өлтірген қанішер 21 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/