ЕЛІМІЗГЕ ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ | «Айқын» газеті

0
62

Мәжіліс депутаты Байділда Жылқышиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы бойынша жүзеге асырылып отырған тиімді әлеуметтік бағдарламалар бар екенін тілге тиек етті.

– Әлі күнге дейін баспанасы жоқ отба­сылар көп. Осы мәселені жолға қою үшін «7 – 20 – 25» бағдарламасы қабыл­данды. Бұл бастаманың бүгінгі қарқыны қандай?
– Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Елбасымыз ұсынып отырған «7 – 20 – 25» бағдарламасы ая­сында бүгінде 5 621 өтініш (65,9 миллиард теңге) қабылданып, 3 542 өтініш (42,4 миллиард теңге) мақұлданды. Жаңа бастау алған бағдарлама арқылы халық өз баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін арттырды. Менің ойымша, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Осы бағытты жетілдіріп, оңтайландыру үшін 2018 жылы 5 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке біршама тапсырмалар беріп, Парламент депутаттары өз сауал­дары мен ұсыныста­рын жолдап жатыр. Аз жалақы алатын қазақстандық­тарды қолдау мақсатында Президент бес әлеуметтік бастамаға сәйкес, 2019 жылы 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 60 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшер­ле­ме­сін 10 есе төмендетілетінін айтқан еді. Осыған байланысты Парламентте тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
– Шағын несие беруді ұлғайтудан ұтатынымыз не?
– Бұл бастама жұмыссыздықты жойып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұсынылған болатын. Республика бойынша 13 445 микрокредит берілген. Олардың жалпы сомасы – 56,9 миллиард теңге. Оның ішінде қалаларда – 13,5 миллиард теңгеге 1 243 микрокредит болса, ал ауылдық жерлерде – 43,4 миллиард теңгеге 12 202 микрокредит рәсімделген. Әрбір үшінші несиеге мемлекеттік кепіл­дік берілді. Ең маңыздысы – жаңа бастау алған стартаптарға, якорлық коопера­цияларға, сондай-ақ кәсіпкерлерге биз­нестерін кеңейту үшін де микрокредиттер берілгенін атап өткен жөн. Бұл дегеніміз, жұмыссыздар бизнеспен айналыса бастағанын білдіреді. Кәсіпкерлер болса, кәсібін дамытып, қосымша жұмыс орындарын аша бастады.
– Аймақтағы ахуалға қарай ойыссақ. Қызылорда облысының орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамту қалай жүріп жатыр?
– 2018 жылдың 11 желтоқсанында «Индустриаландыру күні» Елбасымыз Қызылорда облысынан Астана арқылы солтүстікке баратын «Сарыарқа» магис­тралды газ құбырының құрылыс жобасын іске қосуына бастау берген болатын. Газ құбырын жүргізу экология мен қолайлы тұрмыс тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу, шағын, орта бизнесті жұмылдыруға да оң әсерін береді. Сонымен бірге, еншілес салааралық байланыс орнату, шағын қалалар мен ауылдық аймақтарды дамыту тұрғысынан алғанда да мультипликатив нәтижеге қол жеткізуге көмектеседі.
– Президенттің бес әлеуметтік бастама­сы да қоғамның бірқатар саласына оң әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы не айтасыз?
– Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеу­меттік бастамасы – мақсаты нақты, көр­сеткіштері анық және мерзімі айқын әлеуметтік бағдарлама. Бес әлеуметтік бастамада Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік әл-ауқатының, кірістің өсуін және өмір сүру сапасын анықтайтын не­гізгі бағыттар бойынша теңдесі жоқ шара­ларды белгіледі. Елбасының жыл сайынғы халыққа жол­дауы, әрбір үндеуі Тәуелсіз елдің халқына жол тауып және еліміздің әл-ауқатын жақсартуға жаңа серпін береді деп айта аламыз. Сондықтан барлық бағыт­тарды іске асыру үшін бірлігіміз жарасып, бейбіт күнде Елбасы жүктеген, ел күткен үдеден шыға білуіміз тиіс.

Сұхбаттасқан
Айша ЕРСҰЛТАН

Дереккөз: Айқын