Сәбит Әбдіхалықов Әуезов театрының директоры болды

0
80

2018 жылғы 27 желтоқсан 17:56 256

Сәбит Әбдіхалықов Әуезов театрының директоры болды


АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының басшылығы ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының бұйрығымен театр директоры болып Сәбит Әбдіхалықов тағайындалды. Театр ұжымына жаңа директорды вице-министр Ақтоты Райымқұлова таныстырды», – деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Сәбит Әбдіхалықов 1973 жылы 1 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Рабат ауылында дүниеге келген. 1992 – 1996 жылдары «театр және кино актері» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген.

 2009 жылы біліктілігін арттыру мақсатында «New York Film Academy» USA қосымша білім алған.

2013-2015 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «өнертану ғылымдарының магистрі» дәрежесін алды.

Еңбек жолын түрлі театрларда актерліктен бастаған Сәбит 2015 жылдан Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарып келген болатын.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz