Сапарбаев отставкаға кетсін: Әкім есеп беріп жатқанда үйдегі өрттен 5 бала жанып кетті
Жамбыл облысының әкімі есеп беріп жатқанда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бес бала қаза тапты. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Оқиға 19 ақпанда сағат 15.15-те 2 шағынауданда болған. 5 қабатты тұрғын үйде 16 шаршы метр алаңда 3 қабаттағы пәтерде өрт шыққан.
Пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған бес бала болған, олар ересектердің қарауынсыз қалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, отбасының отағасы жұмыста болған, анасы дүкенге кеткен. Өрт салдарынан кәмелетке толмаған барлық бала улы газдан зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жатқызылды, алайда біраз уақыттан кейін қайтыс болды. Оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің бұйрығымен облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек бастаған арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына шықты. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді», — делінген хабарламажа.
Зардап шеккен отбасына жергілікті атқарушы органдардың жан-жақты көмегі, оның ішінде психологтардың көмегі және жерлеуді ұйымдастыру көрсетілетіні айтылады.
«Жамбыл облысы ТЖД жедел тобы, жылжымалы өрт-техникалық зертханасы, жедел топ және өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің психологтары Жаңатасқа шықты. Сонымен қатар, оқиға орнына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов шықты. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері және 1 дана техника жұмыс істеді. Өрт толықтай сөндірілді. Улы газдан улану жағдайлары оның жану өнімдерінде газдың толық жанбауы кезінде пайда болады, онда адам ағзасына әсер ететін улы газ пайда болады!», — делінген хабарламада.
Естеріңізге салайық, бүгін әкім есеп беріп жатқанда Елтаңба құлап, Сапарбаев қол астындағыларға алуды бұйырып еді. Сонымен бірге Тараз қаласында қатты жел салдарынан үйлердің шатыры ұшып кеткен болатын.