Жамбыл облысы жұмыспен қамту бойынша екінші орында тұр

0

Ал, жалпы жоспардағы 11675 адамның 79,6 пайызы, демек,  8983-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Айта кету керек, бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республика өңірлері арасында екінші орынға жоғарылаған. Бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Жиында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейдахмет Сейтбеков басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраса, ал, құрылған тұрақты жаңа жұмыс орындарының саны 5839 бірлікке жетіп, меже 108,8 пайызға орындалған.

Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 39243 адам тартылып, оның 31220-сы жұмысқа орналасқан. Оның 21496-ы тұрақты, 9724-і уақытша жұмыспен қамтылған. Айта кету керек,  бұл бағдарлама бойынша өңірдегі 4212 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан,  770 адам техникалық және кәсіптік білім беру, 1904 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен. Сонымен қатар, 1107 адамға микрокредит берілсе, 30 адамға грант берілген.

Жиында оң көрсеткіштермен қатар өзекті мәселелер де талқыланып, ағымдағы жылдың жоспары да белгіленді. Әкім жиын барысында бюджет, құрылыс есебінен бөлек, өндіріс орындары арқылы жұмысқа орналасу деңгейін көтеру, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін жақсарту керектігін баса айтты.  

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan», 

Жамбыл облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/