Жаяу жүргіншілер өліміне өздері кінәлі дейді ІІМ. Жаңалықтарға шолу.

0
91

Қазақстанда орташа айлық жалақы 9,1% өседі

Қаржы министрі Ә.Смайыловтың мәліметіне сүйенсек, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға үш жылдық кезеңге 1,8 трлн теңге қарастырылған. Ең алдымен, қаражат ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге бағытталады. Бұл мақсатқа үш жыл ішінде 288 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Барлық салада қазақстандықтардың орташа айлық ақысы 9,1 пайызға артады.

Елімізде 2019 жылдан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жарияланды

ҚР Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, амнистия биылғы жылдың 1 қазанында қалыптасқан берешектері бойынша тек шағын және орта бизнеске қатысты болады. «Берешектер 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан 31 желтоқсанға дейін алдынып тасталады. Яғни шағын және орта бизнес өкілдері өзінің берешегін төлейтін болса, біз 11 млрд өсімақы мен 5,8 млрд көлеміндегі айыппұлды кешіреміз», – дейді министр.

Рысқалиевтер ісі сырттай қаралады

Атырау облысының экс әкімі Бергей мен оның ағасы Аманжан Рысқалиевтерге халықаралық іздеу жарияланды. Ертең, 19 қазан күні, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Б.Рысқалиев пен оның 8 сыбайласына қатысты сот отырысы басталады. Сотталушылардың сотқа келмеуіне байланысты іс сырттай қаралады. Қылмыстық іс 754 томнан тұрады.

Алматыда жаяу жүргіншілердің өлімі көп болып тұр

Еліміздегі әрбір екінші жол көлік оқиғасы жаяу жүргіншілерді басып кетуге қатысты. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы И.Лукьянинаның хабарлауынша, Алматыда жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің кінәсінен 540 оқиға болған, 115 адам көз жұмған, 400-і түрлі жарақаттар алған. Негізінен белгіленбеген жерден жолды кесіп өту сықылды жол ережесін бұзудың кесірінен болады. Жол қозғалысы ережесін қадағалаушылар жолды кез келген жерден кесіп өту әсіресе жауын-шашынды ауа райында және жер тайғақта адам өміріне аса қауіпті екенін ескертеді.

Еуразиялық банк Астана автобустарында жолақы төлемі картасы шығарды

Бұл – банктің, Mastercard және Astana LRT біріккен жобалары. Жаңа картаны сатып алуларға, сондай-ақ қалада автобустарда жолақы төлеуге пайдалануға болады. Ол үшін картаны валидаторға тигізсе жеткілікті. Жолақы құны – 90 теңге. Картаға қаражатты Еуразиялық банкінің мобильді қосымшасы – Smartbank арқылы, www.alrt.kz/terminals сайтында мекен-жайлары көрсетілген Astana LRTR арнайы кассалары мен TVM және Qiwi- терминалдары арқылы салуға болады.

Астанада «Жағалау-4» ТК жылу қашан беріледі?

Елордада 5 қазанда жылыту маусымы басталып, 5700 ғимарат, яғни 95% орталықтанған жылу қызметіне қосылған. Алайда, 280 отбасы қоныстанған «Жағалау-4» ТК әлі жылу жоқ. «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы С.Голев бұл жағдайға нысанды пайдалануға бергенге дейін қамданбаған құрылыс компаниясы кінәлі дейді. Айтуынша, аталған тұрғын кешеніндегілерге жылу әрі кетсе дүйсенбіге дейін беріледі.

Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге Қазақстан 4,5 млн доллар бөлді

Египет астанасында мешітті жөндеу жұмыстары басталып кетті, 18 айдың ішінде бітіру жоспары бар. Жөндеу жұмыстарына жалпы 12 млн доллар қаражат кетеді, оның 4,5 млн долларын Қазақстан төлеп берсе, қалған 7,5 млн долларын Египет үкіметі шығарады.

Алматыда 5 күн газ болмайды

22-27 қазан аралығында Наурызбай және Алатау аудандарындағы жеке секторлардағы 15 мың үй көгілдір отыннан ажыратылады. Абай даңғылындағы жол құрылысына байланысты Наурызбай ауданына қарасты Сәдуақасов – Пионер – Айбергенов – Райымбек даңғылы көшелерінде, сондай-ақ «Қалқаман 1,2» және «Алтын Бесік» шағын аудандарында, Алатау ауданына қарасты Б.Момышұлы –Райымбек – Солтүстік айналым – Үлкен Алматы өзенінің солтүстік тұсында, сонымен қатар «Әйгерім-1», «Құрылысшы-1,2», «Ақбұлақ», «Көк Қайнар», «Шаңырақ-1,2», «Түркістан», «Заря Восток» шағын аудандарында бес күн газ болмайды.

Қараша, желтоқсанда Қазақстандықтар Тайландқа визасыз бара алады

Тайланд Үкіметі туристерді тарту мақсатында алдағы екі айда 21 мемлекетке тегін виза беру туралы шешім қабылдады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Виза халықаралық әуежайларда рәсімделеді, Тайландта 15 күн болуға рұқсат береді. Әзірге бұл елдің виза ақысы 22 мың тұрады.

Қазақстанның басқа БАҚ не жазды:

sputniknews.kz. Енді студенттер университетте төрт жыл оқымайды. Колледж тәмамдаған студенттер жоғары оқу орнында 2-3 жыл оқиды. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев жаңа өзгеріс 2019 жылы күшіне енеді дейді.

kaztrk.kz: 72000 астам қазақстандық Ресейде оқиды. Бұл туралы Астанада өткен Шанхай Ынытымақтастық ұйымына мүше елдер білім министрлерінің басқосуында Ресейдің жоғарғы білім және ғылым вице-министрі Марина Боровская айтты. Қазақстандық түлектердің Ресей жоғары оқу орындарын таңдауы белең алып бара жатқанын соңғы Жолдауында айтқан Елбасы бұл үрдісті отандық білім беру сапасына деген сенімсіздікпен байланыстырып, министр Ерлан Сағадиевке нақты тапсымалар жүктеді.