Президент Қазақстандағы қаржы жүйесінің бүгінгі деңгейіне баға берді

0
73

2018 жылғы 29 желтоқсан 00:15 288

Президент Қазақстандағы қаржы жүйесінің бүгінгі деңгейіне баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы қаржы жүйесі қанағаттанарлық деңгейде. Бұл туралы жыл қорытындысы бойынша еліміздің БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанда 28 банк жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 14-і шетелдік капиталдың қатысуымен, ал қалған 14-і қазақстандық банктер. Соңғы кездері Ұлттық банк 5 ірі банкке қолдау көрсетті. Оның ішінде «Қазкоммерцбанк» бар, ол «БТА Банктің» барлық қарызын өз мойнына алған еді. Онда 2,4 трлн теңге салу керек болды. Ұлттық банк тарапынан осы шаралар атқарылды. Бұл қаржының барлығы қайтарымды, несиелерді қиын кезде алып, кейін қайтарады. Егер де жалпы көрсеткішке тоқталсақ, экономиканы несиелеу 26 пайызға артып, банктер активі 29 пайызға өсті. Жалпы, жағдайды қанағаттанарлық деп санауға болады. Дегенмен, проблемалар бар. Сәйкесінше, оларды шешу керек»,- деді Президент.

Елбасы банктердің сапасыз жұмысынан салымшылар зардап шекпеуі тиістігін қадап айтты. Ол үшін арнайы сақтандыру қоры бар.

Н. Назарбаев бүгінгі мүмкіндіктер болашаққа оптимизммен қарауға жол ашып отырғанын жеткізді. Елімізде алтын-валюта қоры елеулі көлемде жинақталған.

«Қиындықтар болады. Яғни, бұл қиындықтар банк акционерлерінің, менеджментінің тәжірибесі деңгейінің аздығынан болуы мүмкін. Ұлттық банк бұл бағыттағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz