ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды

0

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін елордада Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды. Сессия жұмысына аталған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан отырысқа Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбеков  Тәжістан Президенті Эмомали Рахмон және Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян қатысып отыр.

Мемлекет басшылары шағын құрамдағы отырысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің бірқатар өзекті мәселесін талқыламақ. Ал күнтәртібіндегі өзге де өзекті мәселелер қаралатын жалпы отырысқа ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер, Қорғаныс министрлері, қауіпсіздік Кеңестерінің хатшылары және ұйым бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков қатыспақ.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясы барысында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисовты ҰҚШҰ Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының төрағасы қызметіне тағайындау мәселесі де қаралады.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта бұл ұйымға Қазақстан төрағалық етеді. Ал 2018-2019 жылдары  төрағалық ету мәртебесі Қырғыз Республикасына беріледі.