Ұлыбритания парламенті Brexit келісімі жобасын мақұлдамады

0

Ұлыбритания парламенті премьер-министр Тереза Мэйдің Brexit туралы келісім жобасын қабылдамай тастады. Парламенттің өкілдер палатасында 15 қаңтар күні кешке өткен дауыс беруде 432 депутат келісімге қарсы, 202 депутат қолдап дауыс берді. Құжатқа қарсы дауыс берген депутаттар арасында елдің ЕО құрамында қала беруін қолдайтындар да, Brexit-ті жақтайтындар да бар. Ұлыбритания үкіметі Брюссельмен елдің Еуропа одағынан (ЕО) шығуы туралы келісім жобасын былтыр қарашада даярлаған.

Үкімет енді үш күн ішінде парламентке балама келісім жобасын ұсынуы керек.

Дауыс беруден соң оппозициялық Лейбористік партия жетекшісі Джереми Корбин құжаттың мақұлданбауын Тереза Мэй үшін «өте қиын жағдай» деп атап, 16 қаңтарда оның консервативтік үкіметіне сенімсіздік білдіру мәселесін қарастыруды талап етті.

Brexit келісімі мақұлданбаған соң Еуропа кеңесінің президенті Дональд Туск бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы — Ұлыбританияның ЕО құрамында қала беруінде екенін мәлімдеді. Ал Еуропа комиссиясының басшысы Жан-Клод Юнкер ЕО Ұлыбритания одақтан ешқандай келісім жасаспай шығып кететіндей сценарийге дайындала беретінін айтты.

Егер құжат мақұлданбаса, Ұлыбритания үкіметі ЕО құрамынан 29 наурызда ешқандай келісімсіз шығып кетуді ойластырып отыр. Сарапшылар ЕО-мен арада қандай да бір келісім жасалмаса, Ұлыбритания экономикасында бей-берекетсіздік орнайды деп қауіптенеді.

Тереза Мэйдің жоспарын сынайтындар, оның ішінде премьердің өз партиясынан сайланған депутаттар құжат Ұлыбританияны ЕО ережелеріне тәуелді қылып, дербес сауда саясатын жүргізе алмайтындай күйге түсіреді деп санайды. Ұлыбританияның ЕО құрамында қала беруін қолдайтындар Brexit іске асса, елдің ЕО-мен экономикалық қарым-қатынасы қазіргіден нашарлап кетеді деп қауіптенеді.

Дереккөз: Азаттық