Петропавлда полиция жүргізушінің соңынан қуды

0

Тәртіп сақшысы қызметін орындау кезінде зардап шекті, ал құқық бұзушы күшпен ұсталған

ПЕТРОПАВЛ, 16 қаңтар — Sputnik. Петропавл полициясы тәртіп сақшыларының біріне қатысты күш қолдану туралы істі тергеп жатыр, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Патрульде жүрген полицейлер «Мерседес» жүргізушісінің жолдағы оғаш қылығын байқапты.

«Билік өкілдерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын ол тыңдамаған. Полицейлер соңынан біраз қуып, құқық бұзушыны тоқтатады, алайда ол көліктен шығуға бас тартып, алдында тұрған полиция қызметкерін қағып кетті. Тәртіп сақшылары оны тоқтату үшін күш қолдануға мәжбүр болған» – деп мәлімет берді ведомство баспасөз қызметі.

Жүргізуші – 1978 жылы туған Петропавл тұрғыны, жүргізуші куәлігінен айырылған, оның орташа деңгейде мас екені анықталды.

«Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексі 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестріне енгізілді», — деп хабарлады қаланың полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Балабек Жахин.

Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, енді онымен жедел тергеу тобы айналысады.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/