Ұлттық мемлекет ретінде дамитын уақыт жетті! — Қазыбек Иса
“МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”
Мемлекеттік Егемендік Декларациясынан.
1990 жыл 25 қазан.
Кеңес Одағы құрамында, 1990 жылы 25 қазанда жарияланған, бүгін 32 жыл толып отырған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы ДЕКЛАРАЦИЯДА осындай: “МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ” деген ұлттық қағида бар екен!
Ал өткенде 2022 жылы 7 қазанда халықтық коалицияда «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сөйлеген сөзімізде біз де: “ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!” — деп мәлімдедік.
Иә, бұл саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалициясында, еліміз бойынша 3 мыңдай адам жиналған жиында сөйлеген сөзімізде: “Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологиямызды қатаң жолға қойып, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!”- деген едік.
Осы 32 жылдан соң айтылып тұрған сөзімізді қуана қолдап кетудің орнына, бүкіл сөзден бір сөйлемді бөліп алып, балақтан тартып жатқандар да бар өкінішке орай…
Бұл деректі маған бүгін Республика күнімен құттықтаған белгілі қоғам қайраткері жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбай ағамыз жіберді.
Сол бір Тәуелсіздікке алғаш қадам жасаған, еліміз үшін зор тарихи сәтке куә болған Марат ағамның сөзі бәріміз үшін де өте маңызды болғандықтан түгел келтіре кетейін:
“Бүгінгі Республика күні мерекесі құтты болсын! 1990 жылы 25-қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанда Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында аспанға секіріп едік. Ол тәуелсіздікке құқықтық негіз болды. Кейін экс-елбасыға Декларациядағы «мемлекет қазақ ұлттық мемлекеттілігін дамытуға жауапты» деген қағидасы ұнамай, ел жадынан ұмыттыру үшін 2008 жылы ол Тәуелсіздік мерекесіне қосылып жіберілді.
Одан кейін Республика күні мерекесін қайта тірілту туралы қаншама мақала, пост жаздық, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырдық. Ақыры қазіргі билік Республика күнін ұлттық мереке мәртебесінде қалпына келтірді. Бұл елімізде Ұлттық мәртебеге ие жалғыз мереке. Біз қуаныштымыз! Өйткені Республика күні дегеніміз Қазақ Республикасының күні деген сөз ғой. Сондықтан да осы қастерлі мерекеміз құтты болсын!”-дейді ақжарма тілегін айтқан ағамыз Марат Тоқашбаев.
Бұл дерек біз үшін аса құнды! Декларациядағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағида көзімізге оттай басылды. Өткенде коалицияда сөйлеген сөзімізде: “ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!!”-деген сөзіміздің құжаттық негізі де бар екен ғой! Ол еліміздің Егемендік декларациясында жатыр екен!
Ол үшін Марат Тоқашбай көкеме көп рахмет!
Сонда қараңыздар, қылышынан қан тамған Кеңес империясы құрамында тұрып, сол кезде Егемендік Декларациясын қабылдағанда: «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”»-деп мәлімдейді. Бұл әрине, Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссия жетекшісі, заңғар заңгерлер, академиктер Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаевтар бастаған тарландардың тарихи еңбегі. Пейіште рухы шалқи бергей!
Декларацияға кеңес кезеңінің өзінде осы ұлттық қағидалар қалай енгізілді екен деп интернет ақтардық. Іздегеніміз edu.e-history.kz сайтынан табыла кетті.
Иә, сол кездегі “ұлттық мемлекет, қазақ” деген сөздерді тарихи құжаттан алып тастап, өз жобаларын ұсынған Жоғары Кеңестегі “Демократиялық Қазақстан” тобы мүшелері екен.
Декларация комиссиясы мүшесі, депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсылық білдіреді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып Сұлтан Сартаев: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия — кұқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы “қазақ” деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халык қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», — деп тойтарыс береді.
Қазақ зиялылары «егемендік алдымен тілге берілсін» деген ұсыныс тастады. Филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов, Сапарғали Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 3 қазандағы санында Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі — Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны ресми тіл деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау — қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында қазақ тілінің ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін дәлелдеді.
Міне, көрдіңіздер ме, кеңес кезеңінде қабылданған Декларациядан бері 32 жыл, біз Тәуелсіздік алғанымызға 31 жылдан, яғни бір дәуірден асса да, әлі күнге ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТА АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ!
Әлі күнге Тәуелсіздіктің ең басты тіректерінің бірі -Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай келеміз.
Кеңес кезінің өзінде Декларация қабылдауда ел қарсы болған ресми тіл мәртебесін Тәуелсіздік алғанда иеленген орыс тілі мемлекеттік тілге басымдық жасап келеді.
“Қазақ, Ұлт, Мемлекеттік тіл” десең біздің билікте отырған шенеуніктердің шетінен шекесі тырысып, Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл болғанын білмейтіндей қалтырай жөнеледі…
Жоғарғы Кеңес «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. Декларацияға ҚССР Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаев қол қойды.
Ұлттық идеяны дамыту осыдан бір ғасырдай бұрынғы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш идеясынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан да Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” демократиялық партиясы 2020 жылы жарияланған “Түбегейлі өзгерістер қажет” атты саяси бағдарламасында:
“Біз «Алаш» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз!”-деп айқын жазылған.
Республика күнін Ұлттық мереке ретінде жариялап, Егемендік Декларациясын қайта жаңғыртқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев! Сондықтан ел басшысына ел алғысын айтуда. Ендеше, осыдан 14 жыл бұрын «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағидасы үшін экс-президент маңызын жойып жіберген, Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы құқықтық құжат, Азаттық Актысы —
Егемендік Декларациясы қайта қалпына келуі құтты болсын, халайық!
Халықтық коалиция атынан Президент сайлауына түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қайта қалпына келтіріп, заңды құжатқа ие болған Егемендік Декларациясындағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген біз қазір ең басты болып тұрған ұлттық қағидаға баса назар аударып, Халық аманатын іске асырады деп сенеміз!
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕМІЗ РЕСПУБЛИКА КҮНІ құтты болсын, ағайын!
Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қаны мен жанын берген барымыз да, бағымыз Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Алла жар болсын!
Ақ жол!
Қазыбек ИСА
Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты