Домой Жаңалықтар «Әкімнің келінімен ойнамаңыз»: Жетісайлық көпбалалы ана жазықсыз сотталып кеттім дейді

«Әкімнің келінімен ойнамаңыз»: Жетісайлық көпбалалы ана жазықсыз сотталып кеттім дейді

0
544

Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны көпбалалы ана Динара Қазыбекова қала әкімі Тұрышбек Елшібаевтың келіні, Ақбота Сартаева заңсыз атаулы әлеуметтік көмек және қайтарымсыз грант алу үшін адамдардан ақша жинатқанын айтады. 

Бұл туралы kznews.kz сайты orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақбота Сартаева Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Динара Қазыбекованың кәмелет жасқа толмаған жеті баласы бар. Күйеуі – мүгедек. Оның айтуынша, Ақботамен туыстары таныстырған.

 – Өткен жылдың басында бөлем мен Ақбота үйге келді. «Әпке, атаулы әлеуметтік көмек пен қайтарымсыз грант алу үшін адам тауып беріңіз. Ақшамен шығарып береміз» деді. Мен көрші-қолаң, тамыр-таныстарға айтайын дедім. Сөйтіп 20 адам тауып бердім. Олар әрқайсысы 50 мың теңгеден беріп, 180 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек алды. Енді ол адамдар бұл іске туыстарын тартып, жалпы саны 60 адамға жетті. Сұраған ақшасын берді. Бірақ олар қайтарымсыз грант та, атаулы әлеуметтік көмек те ала алмады. Сөйтті де сен бастадың деп берген ақшасын менен талап етті. Оларды әкімнің үйіне алып бардым, –  дейді Динара Қазыбекова.

Қазыбекова әкімнің үйіне барғаннан мәселе шешілмегенін айтады. Бір жыл бойы «әкім де, оның келіні де жұрттан жинаған ақшаны қайтарамыз, мәмілеге келеміз» дегенімен уәдесін орындамаған. Әкімнің келінінің де бұл іске қатысы бар екенін, қала әкімі Елшібаев бұл мәселемен таныс екенін дәлелдейтін аудио, видео жазбалар болғанымен «арада мен сотталып» кеттім деп күйінеді ол.

  – Сот мені «Алаяқтық» бабымен  кінәлі деп танып, бас бостандығымды 3 жылға шектеді. Тергеушілер қысым көрсетіп, «ақшаны алсаңыз да, алмасаңыз да істі мойныңызға аласыз. Әкімнің келінімен ойнамаңыз. Олардың жоғарғы жақта адамдары көп. Сотталмайды ешуақытта» деді. Жұрттан ақшаны жинап, әкімнің келініне бергенім рас. Екі ортада адам жинап бергенім үшін сотталдым. 60 адамнан 8 миллион теңге жинап алды. Көбіне ақшаны қолма-қол бердім. Банк арқылы аудардым. Неге мен сотты болдым, жеген адам жауапқа тартылмай құтылып кетті? Сот әділ өтпеді, –  дейді көпбалалы ана.

«Сот кабинеті» жүйесінде Жетісай аудандық соты Динара Қазыбекованы кінәлі деп танып, бас бостандығын 3 жылға шектеу туралы қаулы ілінген. Қаулыда Сартаева  Қазыбекованың айтқанын жоққа шығарғаны жазылған.

Сартаевадан Қазыбекова арқылы қайтарымсыз грант және атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұрттан ақша жинатқаны, не жинатпағаны жөнінде сұрау үшін Orda.kz тілшісі хабарласқанымен, жауап алу мүмкін болмады.

Қазыбекова сот үкімі шыққаннан кейін де бар мән-жайды айтып, әлеуметтік желілерде бейнежазба таратқан. Бұған байланысты Сартаеваның қорғаушы Мырзабек Менісбаев аудандық сотқа арыз түсіріп, айыптауды терістеуді талап еткен.

 – Сот тергеуі өтті. Қазыбекованың сөздері дәлелденбеген. Бейнежазбаны алып тастап, кешірім сұраса арызды қайтарып аламыз, –  дейді қорғаушы.