Украина Бакуға оппозициялық блогерді тапсырды
Украина Бакуға Әзербайжанның оппозициялық блогері Эльвин Исаевты депортациялады. Демалыс күні жарияланған Әзербайжанның көші-қон қызметі таратқан хабарламасына сәйкес, Исаев Әзербайжанда «ауыр қылмыс жасады» деген күдікке ілінген.
Көші-қон қызметінің 14 желтоқсанда тараған хабарламасында 39 жастағы Исаев «Украинаның көші-қон ережесін бұзды» және 12 желтоқсанда Бакуға депортацияланды деп жазылған. Әзербайжанға әкелінгеннен кейін ол Баку сотының 22 тамыз күнгі сот шешімімен қамауға алынған. Әзербайжан билігінің мәлімдемесінде оған нақты қандай айып тағылғаны көрсетілмеген.
Эльвин Исаев Украина президенті Владимир Зеленскийдің Бакуға екі күндік сапары қарсаңында депортацияланды. Дүйсенбі, 16 желтоқсанда Зеленский Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездеседі.
Украина үкіметі Исаев депортациясына байланысты түсініктеме бермеді.
Блогер Эльвин Исаев 1998 жылдан бері Ресейде тұрып келген, интернетте Әзербайжан президентін сынап, оны «диктатор» деп атаған, жемқорлық жайлы жазған.
Исаев Ресейге қоныс аударғаннан кейін үш жылдан кейін Ресей азаматтығын алған. Алайда 2019 жылы 29 тамызда Санкт-Петербург соты Исаевты Ресей азаматтығынан айырып, оны елден шығару туралы қаулы шығарған. Ресей азаматтығынан айрылғаннан кейін 2019 жылы қыркүйек айының соңында Украинаға барған.