Домой Басты тақырып Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ – Тоқаев

Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ – Тоқаев

0
188

Сенат отырысына қатысқан Президент Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Өтіп бара жатқан жыл оңай болған жоқ, өте күрделі болды десек артық емес. Елімізде болған қасіретті оқиғалар жөнінде өздеріңіз білесіздер. Біз бәріміз бір ел, бір ұлт, бір халық болып, Отанымызды бірлесіп сақтап қалдық деп еш күмәнсіз айтуға болады. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру. Әрине, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ, дана халқымыз барлық қиындықты, тосқауылдар мен кедергілерді жеңіп шығатынына мен кәміл сенемін. Адамзат коронавирус індетінің салдарын әлі де толық еңсере алмай отыр. Оған қоса, геосаяси ахуал ушыға түсті. Соның кесірінен халықаралық дағдарыс күшейді. Мұның бәрі әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Біз осы күрделі жағдайда экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,5 пайызға артты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ, жайбарақат отыруға болмайды»,  –  деді мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысындағы олқылықтарға тоқталды.

«Мен жақында өткен Үкімет отырысында бұл мәселе бойынша нақты айттым. Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар – өте ауқымды және өзекті», — деді Президент.

Еске салсақ, бұдан бұрын мемлекет басшысы Үкіметке келесі жылдың оңай болмайтынын, «заң шығару билігі мен жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыда маңызды өзгерістерге ұшырайтынын» ескерткен.

Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сынынан кейін Әлихан Смайылов «шешім қабылдай алмайтын» министрлерден орнын босатуды талап еткен еді.