Қаңтар оқиғалары кезінде шетелден 20 мың бандиттің келгені рас па – Бас прокуратура өкілі жауап берді

0
Бас прокуратура өкілі қаңтар оқиғалары кезінде елге шетелден 20 мың бандит келгені туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.

Азаттық сайтына сұхбат берген бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров адам өлтіру фактісі, ғимаратты басып алу іс-әрекеттері террористік фактілерге жататынын айтады.

Олжаров қаңтар оқиғалары тұсында президенттің шетелден 20 мың бандит келді деген ақпараттың тексерілгенін айтады. Сонымен қоса тәртіпсіздіктің алғашқы күндері жалған ақпараттың көп болғанын атап өткен.

«Оларды жалпы тәртіпсіздік ұйымдастыру мақсатында келді деп мен айта алмаймын. Себебі олар біраз уақыт Қазақстанда тұрған, осы жерде жұмыс атқарған. Сосын елігіп, жергілікті жігіттерге қосылып тәртіпсіздіктерге шығып, қылмыстар жасап кеткен», — дейді Олжаров.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру үшін дайындалып шетелден келген азаматтар туралы фактілер анықталмаған.

Ризабек Олжаров Орта Азия елдерінен келген 20 мың бандиттер туралы ақпараттың да жоқ екенін айтты.

Биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылығы кейін елдің басқа аймақтарында қолдау тапқан. Ал 5 қаңтарда бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, елде төтенше жағдай жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға кезінде «шетелден 20 мың бандит келген» деп мәлімдеген. Кейін билік «қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болды» деп айтқан.

Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК-нің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары, қорғаныс министрі Мұрат Бектенов тұтқындалған. Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған, оның 19-ы күш құрылымдары қызметкерлері.