«Үй біреудің басына құласа, кім жауап береді?»: Құлсарыдағы үйлер 10 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген — Қазақстан жаңалықтары

0

Атырау облысының Құлсары қаласында 200-ден астам тұрғын үйдің бірде-бірі терможаңғыртудан өтпегеніне 10 жылдан астам уақыт болған, деп хабаралайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

үй

Пәтер иелерінің кооперативінің жоқ болуы мәселені одан әрі ушықтырып тұр. 

70 жыл болған тұрғын үйлер апатты деп көрсетілмегенімен, көрінісі адам шошытады. Жылу жүйесіне қосылмаған, сондықтан тұрғындар газ жағып, пеш пайдаланады. Сондай-ақ, ыстық су да тартылмаған.

«Өзіміздің жағдайымызды өзіміз жасап жүрміз. Бұған терезені, есікті, бәрін өзіміз қондырдық. Сырттың есігін де өзіміз қондырдық. Дәретхана жоқ, ванна жоқ», — дейді қала тұрғыны Мағрипа Иманәлиева.

Жалпы, қалада тозығы жеткен 15-тен астам үй бар, оның екеуі ғана апатты деп танылған, қалдары да құлаудың алдында тұр. 

Тұрғындарың сөзінше, бұл пәтерлерге бірде бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген, ескіргені сонша, сылақ та тұрмайды. Қабырғасы бұзылып, төбесі құлап тұр. Ешқандай жағдай жасалмаған, жуынатын бөлме де жоқ. Сонымен қатар, тұрғын үйде бірнеше рет өр болған. 

«Өрт сөндіру қызметі кеп, осы жерде бәрі қырылып қалды… Үй ертең біреудің үстінен құласа, білмеймін, бізге кім жауап береді», —  дейді жергілікті тұрғын Әлия Төлеумұханова.

Ал аталған тұрғын үйдің тұрғыны Амангелді Ершубаев жаңбыр жауған сайын пәтердің әр шеті құлайтынын айтты.

«Қаншама рет әкімдікке бардық, ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», — деді ол.

Тозығы жеткен тұрғын үйлердегі пәтерлердің дәретханалары сыртта орналасқан. Дәретхана мен қоқыстың көптігінен балалар алаңқайы кішірейген. 

Қаладағы 232 тұрғын үйде ешбірінде пәтер иелерінің кооперативі жоқ. Сол себепті жауаптылар арнайы қызмет көрсететін екі мекеме құрып, мәселені шешуге кіріскенін айтты.

«Бірінші кезекте біздің қолға алатын жұмыстарымыз, 10 жылдан қараусыз тұрған көпқабатты тұрғын үйлердің дәліздерін тазалап, қоқыстарын шығарып, тозығы жеткен ауызсу, кәрізсу жүйелерін ауыстыру жұмыстары. Енді, қазір бір аптаның ішінде біздер атаулы жұмыстарды бастап кеттік», — деді қала әкімі Ернар Ысмағұлов. 

Құлсарылықтарға ескі үйін өз беттерімен жөндеуден басқа амал жоқ. Себебі, қаланың басты жоспарына сай 5-6 жыл өтпей жаңа үй берілмейді. 

 

 

stan.kz