Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың кредитті қалай төлейтіні айтылды

0

Коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар кредитті уақытында төлей алмаса, өсімпұл есептелмейді

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдай кезінде тұтынушылық кредит бойынша қарыз 90 күннен асып кетсе, сыйақы есептелмейді. Бұдан бөлек, банктер кәсіпкерлерге қарызды кейін төлеуге мүмкіндік жасайды. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банкте кредиті бар азаматтарға қандай жеңілдік жасалатынын айтты.

«Төтенше жағдай кезеңінде және азаматтардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 90 күн өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады. Бұдан ары аталған шара заңнамалық негізде енгізіледі», деді ол үкімет отырысында.

Айтуынша, егер қарыз алушы бір жыл ішінде мерзімі өткен берешегінің 50 проценттен астамын өтесе, онда нашар несие тарихын түзей алады.

Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдікке ие болады.

«Төтенше жағдай кезінде төлемдердің кешіктірілуіне байланысты қарыз алушыларға айыппұл есептелмейді. Банктер кәсіпкерлерге төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек», деді премьер министр Асқар Мамин.

Үкімет басшысы отандық бизнес бірдей шарттармен қосымша қаржылық жүктемесіз қолданыстағы бағдарламалардың жеңілдіктерін пайдаланатынын атап өтті.

Айта кетсек, үкімет президенттің бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін жеті негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасын әзірлеп, бекітті.

Бұл қолжетімді қаржыландыру, кепілдіктер беру, салықтық ынталандыру және бизнесті тексеруді азайту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз ету. 

Қазақстанда коронавирус

17 наурыздағы мәлімет бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 13 адамға жетті. Олардың арасында екі жасар сәби де бар.

16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір  таңғы 07.00 дейін күшінде болады.

Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды, оны премьер-министр басқарады.

Бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Ірі сауда орындарының жұмысы шектелді, бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді.

Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылды.

Ел аумағына кіру және шығуға шектеу қойылды. Алайда бұл жүк тасымалына әсер етпейді.

Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін демалысқа жіберілді. Ал студенттер онлайн оқыту жүйесіне көшті.



sputniknews.kz