Тоқаев қазақстандықтарды «Спутник лайт» вакцинасымен қамтамасыз етуді тапсырды

0

Мемлекет басшысы ресейлік «Спутник лайт» вакцинасын Қазақстанға жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет екенін айтты.

«Тағы бір мәселе осы саладағы жетекші өндірушілердің вакциналар желісін кеңейту қажеттілігімен байланысты. Отандық фармацевтикалық алаңдарда ресейлік жаңа «Спутник лайт» вакцинасын жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қыркүйекте отандық QazVac вакцинасын өнеркәсіптік көлемде шығару жоспарланғанын еске салып, оны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуді жеделдету қажеттігін айты. Бұл міндет денсаулық сақтау министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне жүктеліп отыр.

«Екі жақты уағдаластықтар шеңберінде QazVac-ты үшінші елдер нарығына ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың маңызы зор. Үкіметтен осы мәселені ерекше бақылауға алып, нәтижелері туралы бір ай мерзімде баяндауды сұраймын», — деген президент вакцинация мәселесінде отандық бизнестің қолдауы өте маңызды екенін атады.

“Өйткені, ұжымдық иммунитетке қол жеткізбесек, бизнес үшін маңызды санитарлық шектеулерді толығымен алып тастау мүмкін емес», — деді мемлекет басшысы.