Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмыс уақыты қысқарады

0
92

Жұмыс уақытының қысқаруына жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп болып отыр

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 21 шілдеден бастап жұмыс уақытын қысқартады. Әуежайда ұшу-қону жолағы мен жарықпен ескерту жабдығының жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі.

«Ұшу-қону жолағы және жарықпен ескерту жабдығының жоспарлы ағымдағы жөндеуіне байланысты 21 шілдеден 9 тамызға дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында рейстердің ұшу және келу кестесі өзгереді. Әуежайдың жұмыс уақыты тәулігіне 24 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқарады», – делінген хабарламада.

Жөндеу жұмыстары күн сайын жөндеу аяқталғанға дейін күндізгі 11-ден кешкі 18-ге дейін жүргізіледі. Жұмыстар 1 сәуірден барлық әуе компаниясымен алдын ала келісілген болатын, сол себепті олар да рейстердің кестесін өзгертті.

Ведомство барлық жолаушыдан әуежайға тіркеуге ертерек келуді және әуе компаниялардың колл-орталықтарынан рейстердің ұшу уақытын нақтылауды сұрады.

Бұған дейін Өскемен және Үржар әуежайлары жоспарлы жөндеуге жабылған болатын.