Тоқаев коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ма: Ресми өкіл жауап берді

0

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирусқа қарсы вакцина салдыруына қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы қыста өткен эфир барысында міндетті түрде КВИ-ге қарсы вакцина салдыратынын хабарлап, барша халықты екпе салдыруға шақырған болатын. Тоқаев коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салатынын айтты.

Жалпы, ол алдағы уақытта вакцина салуды жоспарлап отыр. Бұл жайт орын алғанда біз көпшілікке міндетті түрде хабарлайтын боламыз» , — деді прездиенттің баспасөз хатшысы.

Берік Уәли вакцинацияға қатысты өз жоспарларын да айта кетті.

«Өткен жылы көпшілік сияқты мен де коронавирус жұқтырдым. Өте қатты ауырдым. Жансақтау бөлімінде жаттым, тек дәрігерлердің арқасында жазылып шықтым. Өткен аптада мен антиденелерге тест тапсырған едім. Нәтижесінде, олардың деңгейі 74%-ды құрады. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, вакцинаны бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін түсіп кеткенде ғана салғызған жөн.

Бұл сұхбат алдында мен денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен де сөйлестім. Ол вирустан жазылған соң, араға алты ай тастап қана вакцина салдыру керектігін айтты. Қазіргі таңда вакцина салдыруға ниеттімін. Бірақ, ол «Спутник V» әлде отандық вакцина болады ма белгісіз. Бірақ, өз ойым қазақстандық екпені салғызу» , — деді ол.