Тәуелсіздік күні белсенділерді ұстау жалғасты

0

МЕРЕКЕ КҮНГІ ҰСТАУЛАР

Желтоқсанның 16-ы, Тәуелсіздік күні таңертеңнен бастап әлеуметтік желіде Қазақстанның бірнеше аймағында полиция белсенділерді ұстай бастағаны туралы ақпарат тарады.

Мейрам күні таңертең Шымкент қаласында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында және 2011 жылы Жаңаөзен қаласында полицияның халыққа оқ атуынан құрбан болғандарды еске алып, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне ілінген тақтайшаның алдына гүл қоюға бара жатқан жергілікті белсенді Дәулет Насырұлын полиция аялдамада тұрған жерінен ұстаған. Бұл туралы таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Азаттық тілшісіне белсендінің өзі хабарлап, Шымкенттегі Абай ауданы ішкі істер бөлімінде отырғанын айтты.

Шымкенттік белсенді Өмір Шыныбекұлы жексенбінің кешінен бастап үйінің сыртында полиция тұрғанын, сыртқа шығуға мүмкіндік бермей жатқанын айтады. Ақтау қаласында да белсенділерді полиция бақылауға алғаны туралы әлеуметтік желіде тікелей трансляция жасаған азаматтық белсенді Айгүл Ақберді хабарлады.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында дүйсенбі күні таңертең жергілікті «Уральская неделя» газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяровты полиция бөлімшесіне әкеткен. Бұл туралы журналист Азаттық тілшісіне телефонмен хабарлады.

— Қазір ғана үйімнің алдынан ұстады. Мені полицияға апара жатыр. Полицияның айтуынша, тергеуші «бір қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізуге тапсырған-мыс». Қандай іс екенін нақты білмейді, — деді ол.

Алматыда Айнұр Искакова есімді қолданушы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, өзін полицияның «шақырусыз» бөлімшеге алып кетпек болғанын хабарлады.

Алматылық белсенді Құрал Сейітханұлы дүйсенбі күні таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Facebook-тағы парақшасына «Мен ұсталып қалдым. Екі күн бұрын басқа пәтерге көшіп едім. Осы жаңа ғана үйге үш полиция келді. Бүгін кешке дейін не үйіңде отырасың немесе РОВД-да отырасың деп айтты» деп жазды. Белсенді Мұрат Шормановты үйінің алдынан ұстап, Алатау ауданы полиция басқармасына жеткізген.

Шымкентте белгісіз біреулер интернеттегі арнайы сайтқа Азаттықтың жергілікті тілшісінің телефон нөмерін көрсетіп, «арзан көлік сатамын» деген хабарландыру іліп қойған. Мейрам күні таңертең үйінен шыққан тілшіміз белгісіз екі-үш адам қыр соңынан қалмай, ілесіп жүргенін айтады.

Полиция бұл оқиғаларға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен белсенділер әкімшілік қамауға алынған болатын. Жергілікті құқық қорғаушылардың дерегінше, жиырмадан астам белсенді қамауда отыр. Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер мұны Тәуелсіздік күні өтуі мүмкін шеруді «болдырмаудың амалы» деп есептейді.

«ЗАҢСЫЗ ШЕРУ» ТУРАЛЫ ПРОКУРАТУРА ЕСКЕРТУІ

Желтоқсанның 15-і күні бас прокуратура Тәуелсіздік күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандар «заңға сәйкес жауапқа тартылатыны» туралы ескерту таратқан.

Бұған дейін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.

2018 жылы наурызда Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, Қазақстан билігін сынаушы әрі осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Алматыда желтоқсанның 16-ы күні шеру өткізу туралы бастама көтерген «Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысының белсенділері де мереке қарсаңында қысымға тап болғаны туралы хабарлаған.

Azattyq