Қазақстанның түрлі аймағында полиция белсенділерді ұстай бастады

0

16 желтоқсанда таңертең Шымкентте Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің тақтайшасы ілінген жерге гүл қоюға баруға шыққан белсенді Дәулет Насырұлын полиция аялдамада тұрған жерінен ұстады. Таңертеңгі сағат 10.30 шамасында Азаттық тілшісіне хабарласқан белсенді өзінің Абай аудандық ішкі істер бөлімшесінде отырғанын айтты.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, қалада бірнеше белсендінің үйін полиция кешеден бері күзетіп, сыртқа шығуына мүмкіндік бермей жатыр.

Орал қаласында журналист, азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедьяров та таңертең өзін полиция бөлімшесіне апара жатқанын айтты.

— Қазір ғана үйімнің алдынан ұстады. Мені қазір полицияға апара жатыр. Полицияның айтуынша, тергеуші бір қылмыстық іс бойынша мені бөлімшеге жеткізуге тапсырған. Қандай іс екенін нақты білмейді, — деді ол Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтік желідегі хабарламаға сәйкес, осыған ұқсас оқиға Нұр-Сұлтан, Алматы және өзге қалаларда болып жатыр.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq