Шымкенттегі Азаттық тілшісін белгісіз біреулердің аңдығаны байқалды

0

16 желтоқсанда таңертең Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса өзін белгісіз бірнеше адамның аңдығанын байқады. Тілшінің айтуынша, таңертең Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан хабар тарату үшін көлікке мінген кезде оның соңынан белгісіз көлік ілескен.

— Кейіннен аялдамаға келіп, сол жерден түстім. Сол жерде көліктен екі-үш адамның түскенін анық көрдім. Біреуі аялдамаға дейін келді. Екіншісі менімен бірге қоғамдық көлікке отырып, Қайрат Рысқұлбеков көшесіне дейін барды. Жол бойы менің не істеп отырғанымның бәрін фото-видеоға түсіріп отырды. Бірақ ешкім әзірге жұмысыма кедергі жасаған жоқ, — деді Дилара Иса.

Тілшінің айтуынша, бұған қоса оның телефонмен хабарласуына да кедергі жасалған. Оның айтуынша, таңертең телефонына көліктер сататын танымал сайтқа хабарландыру жариялағаны туралы хабарлама келіп түскен. Ал Дилара Иса мұндай хабарлама жарияламағанын айтады.

— Осыдан кейін телефоным үздіксіз шырылдап, жан-жақтан көлік туралы сұрай бастады. 20-30 рет хабарласқан шығар. Осыдан кейін ол телефонымды өшіруге мәжбүр болдым, — деді Дилара Иса.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің жұмысына алғаш рет кедергі жасалып отырған жоқ. Бұған дейін «рұқсат етілмеген митингіден» хабар таратқан Дилара Исаның камерасын маск киген белгісіз адамдар қолшатырмен көлегейдеп, полицияның белсенділерді ұстауын түсіруіне кедергі жасаған.

Azattyq