Таразда ақша жинады деп айыпталған мектеп директоры қызметінен шеттетілді — Қазақстан жаңалықтары

0

Тараздағы 43-ші қалалық мектеп директоры мұғалімдер мен ата-аналардың наразылығынан кейін уақытша қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

мектеп

«Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Тараз қалалық білім бөліміне қарасты № 43 орта мектеп мұғалімінің өтінішіне байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс комиссиясы құрылған болатын. Комиссия құрамына білім басқармасының, салалық кәсіподақ, үкіметтік емес ұйым өкілдері енген», — деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ақпаратқа сәйкес, жарияланған бейнероликте айтылған барлық фактілер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Онда келтірілген фактілер расталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.

«Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының шешімімен К.Бөрімбекова №43 орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметіне қайта қабылданды. Ал, Тараз қаласындағы № 43 мектеп директоры Э. Өмірбекова уақытша қызметінен босатылды», — деді Жамбыл облысының әкімдігінде.

Қазіргі кезде облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, облыстық білім басқармасының, Тараз қаласы әкімдігінің және «Nur Otan» партиясы өкілдерінің қатысумен аталған мәселе жан-жақты зерделенуде. Тексеру іс-шаралары толық аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты шешім қабылданады.

Бұған дейін Тараз қаласындағы № 43 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылардың ата-аналары мектеп директоры Эльмира Өмірбекованы «ақша жинайды», «себепсіз қызметтен босатады» деп айыптап, шағымданғаны хабарланған.

stan.kz