«Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек — Тоқаев

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде елге кәсіпкерлердің жаңа буыны керектуігін айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

«Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн.

Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта елге тың күштер керектігін баса айтты.

«Сонымен қатар, бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет», — деді Президент.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.