Гүлмира Сатыбалдының соттағы жауабы: «Қайраттан бала тапқаным үшін өмірім саясиланады деп ойламадым»

0

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды сотта жауап беріп жатыр. Ол Тұрсенғали Алагөзовтің компаниясын тартып алмағанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты. 

Жауап алу барысында адвокат Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалдыдан «Алагөзов сізге қандай айып таққанын көріп отырсыз. Алагөзовтің өзімен және бұрынғы әйелімен қалай танысқаныңызды айтып берсеңіз», деп сұрады.

«Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Ол мені компаниясын тартып алды деп айыптады. Моральдық шығынды неге екені белгісіз 135 млрд теңге деп есептеп отыр. Мен мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естіген емеспін. Мен секілді Қазақстанның қарапайым азаматында ондай көлемдегі қаражат қайдан болсын? Мен келіспеймін. Ешқандай өзінше билік ету болған жоқ, мен оның компаниясын тартып алған жоқпын», — деп жауап берді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болған.

2002 жылдың желтоқсанында айырылдық. Неге жатқа білетінімді айтайын. Себебі ол кезде мен мемлекеттік органда жұмыс істедім, декларация тапсыруым қажет еді. Қайрат маған айтпай ажырасты. Содан кейін балаларымды алып кетіп қалдым. Менің оған ешқандай өкпем жоқ. Қайрат Сатыбалды президенттің немере інісі, барлығы оның алдында құрдай жорғалады. Мен үнемі екінші орында болдым, — деді Сатыбалды.

Айтуынша, өзі көпбалалы отбасыдан шыққан.

«Мен көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Ата-анамның 10 баласы бар, мен жетінші перзентімін. Сол себепті Қайрат сияқты жігіттің мені әйел етіп алғанына қуандым. Мен Қайраттан үш бала таптым. Бүкіл әлемге менің үш балам бар екенін мақтанышпен айтамын. Мен оларды лайықты түрде жеткіздім. Бала тапқаным үшін қазір жан-жақтан жазалап жатыр», — деді Гүлмира Сатыбалды сот залында жылап.

Айтуынша, 2018 жылы ұлы отбасы құрмақ болған. Сол кезде Тілеуқабыл Абдуллин (қазақстандық бизнесмен – авт.) шақырып, «Galanz Bottlers» және «Maxi чай» компаниялары бар екенін айтқан.

Оған дейін компания шығаратын өнімді тұтынған емеспін, мен үнемі дұрыс тамақтануды қолдаймын. Сол кезде ол (Тілеуқабыл Абдуллин – авт.) мені Ляйсира Марат (Тұрсенғали Алагөзовтің бірінші әйелі – авт.) пен Ильдана Ғанимен (Ляйсира Мараттың сіңілісі – автр.) таныстырды. Бұрын оның тегі Қазмамбетова болды, ал қазір Ғани. Сол кезде олар компания туралы айтып, оның қарызын төлей алмай отырғанын айтты. Мен қызығушылық таныттым, себебі мен өндіріспен айналысқанды жақсы көремін, — деді Сатыбалды.

Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалды ұл-қызының Америкада білім алғанын айтып өтті.

«2002 жылы ажырастым. Ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Орталық сайлау комиссиясына маман болып жұмысқа тұрдым. Содан кейін Конституциялық кеңесте жұмыс істедім. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, Білім министрлігіне ауыстым. Ұлым 16 жасқа толған соң Америкаға кеттім. Ұл-қызымның жақсы білім алғанын қаладым, өзім тілді меңгердім. Қайрат Сатыбалдымен араласпадым деп айта алмаймын. Қарым-қатынаста болдық және одан талап еттім. Әкесі ретінде ол балаларын қамтамасыз етті. Оқуы мен пәтер ақысын төледі, үш баламыз Америкадағы мектепті тәмамдады. Ал жоғары білімді Қазақстанда алды. Олардың лайықты азамат болып өскенін қаладым. Қайрат Сатыбалдының әйелі болып, одан бала тапқаным үшін дәл осылай саяси қудалауға ұшыраймын деп ешқашан ойламаппын», — деді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, содан кейін ақшаны қайдан аларын білмеген. Сол кезде іс бойынша жәбірленушінің бірі Айгүл Мекешева бұрынғы күйеуі мен құдаларынан ақша сұрауды ұсынған.

2018 жылы қызым Аружан Қайрат ауқатты адамға тұрмысқа шықты. Қайрат Сатыбалдыдан да ақша сұрадым, бірақ ол бермеді. Содан кейін құдаларымнан көмек сұрадым. Олар 650 млн теңге берді. Құрметті сот, мен ешкім білмейтін деректерді айтып жатырмын. Сондай-ақ менің шотымнан «Galanz Bottlers» шотына 200 млн теңге түсті. Алагөзов те, Мекешева да мұны біледі, — деді Гүлмира Сатыбалды.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.

Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.