СЫРЛЫ СӨЗДІҢ СОҚПАҒЫ | «Айқын» газеті

0

Дәуреннің есімін алғаш рет белгілі журналист Талғат Батырханнан естідім. Аузы дуалы, сөзі уәлі, баяғының берекелі билерінің бүгінгі жұрнағы секілді әуелеткен әр әуезі мақал-мәтелге айналып жүре беретін бұл әлеуетті әріптесіміз талант атаулыны тай күнінен тани білетін-ді. Қолына қалам ұстаған жастардың біразы әлі күнге дейін оның төңірегіне көбірек үйірсектейтіні де рас. Сол Талғат сонау университетте оқып жүрген кезімізде бір тойға барып келді де: «Политехқа былтыр ғажайып бір жас жігіт түсіпті. Өзі қаршығадай ғана қағілез бала екен. Ән айтқанда дауысы алты қырдың астынан естіледі. Сөйлесіп те көрдім. Әнге де, әңгімеге де ағып тұр. Енді біраз уақыттан соң осы бозбаланы бүкіл қазақ жұрты білетін болады», – деп сәуегейлік танытқан. Айтқаны айдай келді. Көреген курстасымыздың аузынан атын алғаш естіген ұланымыз осы күнгі әйгілі әншіміз Бекболат Тілеухан еді.

Енді міне, тағы бір жасөспірімге жан-тәнімен сүйсініп отыр. Бұл бала да тегін бала емес сияқты. Мектепте оқып жүргенде-ақ қиыннан қиыс­ты­рып, өлең өріп, ақындар айты­сы­на қатысыпты. Жетісудан шыққан атақты жыр жүйріктері оны алақа­нына салып аялапты. Мектепті бі­тіре сала аудандық «Қапал еңбек­кері» газетінде қызмет істепті. Көп ұзамай қарым-қабілетімен даралана бастаған оны облыстық «Жерұйық» газеті аттай қалап алады. Кейін «Халық кеңесі» газетінің Талды­қорған облысындағы меншікті тіл­шісі қызметіне бекітілді. Жылымық кезеңдегі «Жас Алаштың» сайып­қыран сарбазы болды. Сөйтіп, ол ару Алматының шығармашылық әлемін жаулауға келді.
Жас тұлпар салғаннан болмысы бөлек екенін көрсетті. Жоқшылық билеген сол жылдарда бірінші қыр­күйек қарсаңында аймақтардағы бар­лық тілшінің мақалаларын га­зетке жарыса жолдайтын дәстүрлі дағ­дысы бар-ды. Солардың бәрі жаңа оқу жылына дайындық бары­сын баяндап, қанша мектептің пай­далануға беріліп, қанша оқушының сабаққа келгені жайында жаппай материал жариялап жатқан кезде, «Аяқта жыртық бәтеңке, мектепке қарай жүгірдім…» деген сын мақала елді елең еткізді. Қасым Аман­жо­ловтың әйгілі өлеңінің сарынын еске салатын тосын тақырып қазақ журна­лис­ти­касына қалыптан тыс ойлай­тын, желдіртіп жаңаша жа­за­тын тағы бір талантты өрен­нің ат қосқанын байқат­ты. Шы­нын­да, ол ақпарат әлемінде өзгеше өрнек сал­ды. Бұған «Хабар» агент­тігінде қатар қызмет істеп, бірнеше бағдарламаны бірге әзірлеген кезімізде айқын көз жеткіздік.
Айтыспен ауызданып, ақпа­ратпен аяқтанған ол кейін қазақтың көркем сөзіне де олжа салды. Жақында «Ата­мұра» баспасынан жарық көрген «Бөрі­соқ­пақ­» атты жи­нағына ен­ген шығар­ма­ла­ры – өмір­дің сан түрлі құ­бы­лыс­тарын қа­ра сөзбен кес­телеген қа­лам­гер­лі­гі­нің жемісі. Әдепкіде тұсауын кескен айтыс өнері оның бойына сөз құдіретін дарытты. Күн сайын ақпарат ағыны тасқындап жатқан беймаза басылымдар әр сөзіне асқан жауапкершілікпен қа­рауды үйретті. Ол көркем әде­биетке осындай үлкен дайындықпен келді.
Бұл жинаққа енген әңгіменің бәрі автордың туған жеріне кіндігі байланғанын көрсетеді. Оның шығармаларының идеясы елмен етене қасиетті құндылықтардан өрбиді. Сондықтан осы дүниелерді Дәурен Қуаттың өзі талай рет жотасында жортқан Баянжүректің хикаялары немесе оның әріптестері жиі айтатындай, Баянжүрек балла­далары десе де болар еді. Өйткені жинақтағы әңгімелердің қай-қайсысынан да Жоңғар Алатауының бауырындағы Баянжүрек тауының бедерлі бейнесі айқын көрініп тұ­рады. «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген қанатты қағидаға сүйенсек, автордың Хан тәңірісі де, тіпті Ги­ма­лайы да өзінің берекелі Баян­жүрегі екенін көреміз. Сол Баян­жүректің бөктерінен бастау алған әсерлі әңгімелер сені жасыл кілем жамылған жазиралы Жетісу жеріне жетелей жөнеледі.
Дәурен түрлі әдеби әдістерді қол­данып, шығармасын оқылымды етіп түзуге тырысады. Оның кейіп­керлерінің мінез-құлықтары ешкім­ге ұқсамайды. Солардың адам ба­ласының ойына келмейтін тосын әрекеттеріне сәт сайын куә боласың. Мәселен, «Күнікей-Кірекей» деген әфсана-әңгімесінде адаммен әуейі болған аюдың табиғатын танытады. Бұған дейін аюдың болмыс-бітімін көркем шығармаға арқау еткен қа­лам­герлер жоқ емес. Әсіресе, сонау Алтайда қаршадайынан қонжықпен алысып-жұлысып өскен кәнігі қа­ламгер Асқар Алтайдың аю туралы ой-толғамдары ерекше назар аудар­тады. Бірақ Дәуреннің кәдімгі аң­шының әйелін ұрлап әкетіп, адамша аялаған Қара Дүлейінің болмысы бөлек. Бұл шығармада адамның аңдарға көзқарасы ғана емес, аңдар­дың адамға көзқарасы да баянда­лады. Өзге шығармаларда дәстүрлі қалыппен аң-құс жиналып, адамды күстаналаса, Дәуреннің әңгімесінде жануарларға билігі жүретін Бапы Балқы деген жыландар көсемі аюды жауапқа тартып, әрекетінің жөн­сіз­дігін айтып, адамның болмысын қадірлеуге үндейді. Автор осылайша дәстүрлі қаламгерлік қағидаларды бұзып-жарып, өзгеше ой түйеді.
Тағы бір назар аударарлық нәр­се – қаламгердің өзіндік фило­со­фиясы. Оның тосын тұжырымдары түрлі ойға жетелейді. Өмірден көр­генін үнемі көркем шындыққа ай­нал­дыруға тырысады. Соның бәрін жаңаша жеткізуге ұмтылады. Мы­салы, «Адам­ның достығы да, қасты­ғы да түсі­нік­сіз», «Сен – мен, мен – сен екенмін, топырақ» («Кү­­­­­­нікей-Кі­ре­кей»), «Дала қазақ пен жыл­қыны қа­тар туған. Бірінің тұяғы сетінесе, бірінің тегі сұйылады» («Қасқа айғыр қайтып соғар ма?»), «Ертеңінде Т. қаласының тұрғын­дары тегіс қас­қырға айналып кетті» («Бөрісоқпақ») деген секілді ши­рыққан шешімдер оның шығар­машылық әлеуетінің жеткілікті екенін көрсетеді.
Тіпті оның айдаладағы жалғыз­дықтан әрі-сәрі күйге түскен тағы бір кейіпкері – Жамаудың («Әлқис­са. Шахмаранның кітабы») «Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар» деген өзіндік қарапайым пәлсапасы да елді елең еткізеді. Тосын ба? Тосын. Қалыпты ма? Жоқ! Осыдан соң тауларда тәртіп бар екеніне күмән­данып көріңіз…
Ал «Тас монша» деген әңгіме­сін­де ауыл тұрғындарының сөрелерге жас айырмасына қарай орналасуы, олардың булану кезіндегі іс-қимылы аса шынайы суреттелген. Күллі ауыл жұртының тас моншада жуынып жүрген сәті көз алдыңа келеді. Кір шалдырған қоғамның кішкене бөлшегі аядай бөлменің ішіне жайғасқан. Соны көркем сөзбен өзгеше мәнермен кестелейді: «Қалың өрттің қара жалын тіліне айналған бу бір уақытта сені қара тастай қақтай бастайды. Шыдайсың. Шыдауың қажет қайткенде. Өйткені төбедегі шалдар бізді буға көміп, отқа орап шыңдап жатыр».
Жалпы, осы «Тас монша» – автордың әңгімелер топтамасындағы ерекше шығарманың бірі. Бұзылған монша, азған ауыл, кірлеген жұрт… Осының бәріне қарсы қойылған жал­ғыз иммунитет – Дәуреннің ке­йіп­кері Ақжан деген әйел. Оның өзі, ауылдастарының айтуынша, есі ауыс­­­­­­­қан жынды. Бірақ осы ауылдағы тәні де, жаны да таза жалғыз адам – сол ғана. Себебі, ол түнімен тас моншадан шықпайды. Қаламгер тән тазалығын символ етіп алғанымен, жан тазалығын идея етіп ұстанады. Бүкіл ауылды кір-қоқыстан арыл­та­тын тегеурінді тегершікті жан­ұшы­рып іздейді. Оның бұл жанай­қайы өрт шалған жаңа моншадан шыққан қызыл жалынмен бірге әуелеп бара жатады. Бұл жерде ав­тор­дың интуи­циясы айқын аңға­ры­лып тұр. Қоры­тындысы қисынды. Өртеңге гүл өсе­ді. Тып-типыл өрттен кей­ін әман­­да жаңа тіршілік баста­лады. Та­­лайды толқытқан, талайды қор­қыт­қан «Тас моншаның» түйіні де осы.
Дәурен қаламгердің барлық дер­лік шығармасына ортақ белгілі бір заңдылықтарды байқадық. Соның бірі – қазақ қоғамындағы перзент мә­селесі. Қолжазбаны оқи бастаған­нан-ақ шырылдаған баланың үні құлағыңа келеді. Сол үн соңғы әңгі­мені аяқтап біткенше ой-санаңнан алыстамайды. Перзенттің өсу эво­лю­циясы. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры. Жаһанданған әлем­дегі ұрпақ пен ата-ана проблемасы. Сол ұрпақтың бүкіл ғұмырындағы бітпейтін зары… Осының бәрі бір жүйеге бағынады. Бесікте жатқан шарана. Әкесінен айырылған ұл. Анасымен арғы дүниеде жаны та­бысқан сәби. Өмірден өткен ұлын күтумен күн кешкен кейуана. Без­бүй­рек ұл, қатыгез әке… Бүгінгі қо­ғамның шыңғырған шындығы Дәурен Қуаттың әңгімелерінде ауыздықпен алысып, жер тарпып тұр. Қаламгердің барлық шығар­ма­сында жалпы тұтастық құрайтын осындай заңдылықтың аңғарылуы оның қолтаңбасы қалыптасып қалғанын көрсетсе керек.
Автор сұлу сөзбен кестелі сурет сала біледі. Туған ауылдың түтінін жұтып өскен ол тіршілік иесінің, әсіресе, төрт түліктің іс-әрекетін, қи­мыл-қозғалысын керемет ке­йіп­тейді: «Көбесін көк тікендей буған кісенді қарш шайнап, үзіп тастап көсілген қас­қа айғыр қара жердің жонын қа­сып келеді» («Қасқа айғыр қайтып соғар ма?»). Көк шөпті жастанып, көк аспанды жамылып, сан рет жай­лаудың төрінде түнеген қаламгер табиғат пейзаждарын да көркем бейнелейді: «Қой қораның іргесінен өрген көне сүрлеу жиде талдардың түбіне оралып, түтіле созылып, көк барқыт жазықтың балағына барып сіңіпті. Тастан тасқа секіріп ақта­рыл­ған ақбалтыр тау бұлағының шолақ иірімі ақезуленіп асыға ағады» («Күң­гірт кеп…»). Со­нымен қатар бүтіннің орнына бөл­шекті, бөлшектің орнына бүтінді қол­данып, саналы түрде кішірей­генді ұлғайту, ұлғайғанды кішірейту сынды әдеби тәсілдер де жазушыға жат емес: «Қарасам, Әбірем аула­сын­да, қара қалпағының астында отыр екен. Бар тұрпатын қара қал­пақ­тың ішіне бүктеп тыққандай – өзі көрінбейді» («Қызыр әулие мен Мұса Ғалиассалам»).
Мына бір сөйлемдер де оның образды ойлауға, суретпен сөйлеуге бейім екенін айғақтайды: «Ақбоз ат бауырымен бұлт кешіп келеді. Аспан таулар ат тұяғының астында тас бұлттарға айналып, күтір-күтір етеді» («Бөрісоқпақ»). Сондай-ақ «Қабірші» деген әңгімесіндегі кейіпкердің Табыл Досымовтың жырындағыдай күңіреніп, «Біреу, тым құрыса біреу келсе екен», – деп күбірлейтіні де сенімді әрі әсерлі.


Дәурен адам психологиясын жетік меңгерген. Сондықтан бы­лай­ғы жұртқа қалыпты болып саналатын көріністерді ол сәл өзгеше сөйлетеді: «Көлеңке көкесінен әлдеқайда зор. Көкесі сәтке қозғалса, ол да әрі бері көшіп, тыным таппайды. Байқат­пас­тан бас салардай ту сыртынан жа­бы­сып алған». Сөйтіп, автор су­рет­теген кәдімгі көлеңке бір сәтке ке­йіпкерді жайына қалдырып, оның бол­мысынан сытылып шығып, өзі ғана қозғалысқа түсіп кеткендей әде­мі әсерге бөлейді. Бұл да – қызық тәсіл.
Ол қоғамның қалыбына сый­май­тын кейіпкерлерді танытуға бейім. Бәлкім, сол арқылы тосын тұжырымдар, оқшау ойлар айтқысы келген болар. Адамдар арасында аң­шыдан, аңдар арасында аюдан ме­йірім тауып, екеуіне де әбден иі­ген Күнікей, сұлуға сұқтанып, жа­ды­нан жаңылған ауыл суретшісі Қареке, жеті түнде жападан-жалғыз барып, әлдеқашан жабылып қалған тас моншаға түсетін Ақжан, көшкен ауылдың жұртында бір өзі қоныс­та­нып, ауық-ауық аруақпен тілдесетін Жамау, адам баласынан безініп, мияулаған мысыққа бауыр басқан Маруся, оқ пен оттың ортасынан аман келгенде мағыналы деген ғұ­мыры мәнсіз боп шыққан Барат – қоғамның өгей перзенттері. Бірі – аңғал, бірі – таза, енді бірі – әуейі, тағы бірі – қатыгез. Автор осы­лар­дың бойындағы ізгі қасиеттерін үлгі етеді, жат дағдыларын терістейді. Өз қағынан жеріген осындай ерекше кейіпкерлер Дәуреннің шығар­машылық әлемін құрайды.
Бәлкім, Бейімбеттен, Тыным­байдан, Мархабаттан дарыған, әлде өз табиғатынан қанына сіңген жеңіл юмор, зілсіз әзіл Дәуреннің әңгі­ме­лерін әдіптеп тұрады. Кесірсіз ке­кесін, күлкілі келемеж, әдемі әжуа, мәнді мысқыл көркем шығарманы әрлеп-әсемдей түсетіні белгілі. Бұл тұрғыдан да автордың мойны басқа тұрғыластарынан озығырақ. Ол ауыл басшысы Әменнің сыртқы сықпы­тын, әдеп-әрекетін былайша кейіп­тейді: «Кеңсесіне бас сұғып, тізе бүк­кенімде Әмен мұрнын шұқып отыр­ған. Сәлемімді мұрнын шұқып оты­рып алды. Әңгімемді мұрнын шұ­қып отырып тыңдады. Әңгімесін мұр­нын шұқып отырып айтты. Бү­гін, шамасы, ауыл бастығының мұрын тазалығын қолға алған күні болса керек».
Бұл шығармалардан автордың үнемі ізденетінін, сондықтан қалып­тан тыс түрлі тәсілдерді көбірек қол­данатынын анық аңғарасың. Қа­зақ әдебиетінің құндылық­та­рымен су­сындап өскен ол, Батыстың дүние­ле­рін де көбірек оқыған тә­різді. Жал­пы әдебиеттің теориялық мә­­се­­лелеріне жетік екендігі байқа­лады. Бір қарағанда оның қолтаң­ба­сының қалыптасуына Бейімбет те, Сайын да, Оралхан да ықпал еткен секілді көрінеді. Алайда сол сан стиль­­дің арасынан өз болмысын да­ра­лап, барар бағытын баяғыда ай­қын­дап алғанын да аңғармай қалмайсың.
Шығармашылық әлемінің даң­ғыл жолына түскен деп әзірге оған дағарадай қалпақты кигізбей-ақ қояйық. Бірақ ол – өз соқпағын анық тапқан қаламгер. Соқпақ бол­ғанда қандай! Нағыз бөрі соқпақ! Сан сүрлеуден өтіп, соны соқпаққа түскенін бүгінде оқырманға жол тартқан «Бөрісоқпақ» дәлелдеп бер­мек. Осы жолы да бөріні бөлтірігінен таныған баяғы әбжіл әріптесіміздің көрегендігін тағы да мойындауға тура келіп отыр.
Сонымен, Дәурен Қуаттың «Бө­рісоқпағы» биікке бастап барады. Оның бір әңгімесінің кейіпкері (бәлкім, өзі) құймақұлақ бала Дәр­менге Cәден қарт «Қас қыранның баласы ұшса қонбас ұяға. Ұшпа, ұшсаң алысқа ұш!» деп бата беретін еді. Біздікі де – сол тілек! Дәурен-Дәрмен биікте самғасын! Жортқанда жолы болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Дереккөз: Айқын