Тәуелсіздікті тойлаудан неге қорқамыз?

0

Алматыда биыл тәуелсіздік мерекесі қарсаңында келеңсіз жағдайлар болды. Қоғамның қай бұрышынан жанартау атқылап шыға келерін аңдай алмай, сарсаңға түскен құзіретті органдар қоғам белсенділерінің жолын торыпты. Мақсат – белсенділерді алаңға шығармау. Осыдан соң 16 желтоқсан күні Фейсбук әлеуметтік желісінде және «Азаттық» сайтында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді Ерлан Қалиев, «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, Геройхан Қыстаубаев, Жасарал Қуанышәлин сынды азаматтарды полиция ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады. Кейінірек әлеуметтік желіде бұл ақпараттарды айғақтайтын бейнежазбалар да пайда болды. Видеода полиция «бұл іске қатысы жоқ екенін» айтады.

Дәл сол күні Оралда «Уральская неделя» деп аталатын тәуелсіз басылымның да екі тілшісін құқық қорғау органдары ұстаған. Кейінірек ұстау себебін түсіндірмей, босатқан.

Жалпы, бұл күні бірқатар азаматтар алаңға барып жатты. Бірақ адамдардың жүзінде алаңдаушылық басым. Дәл осы күнді емін-еркін тойлай кетуге деген көзқарас байқалмайды. Яғни, алаңға кеп жатқан қарапайым адамдардың өзі мейрам тойланатын үш-төрт күн бедерінде белгілі бір деңгейде бақылау мен қысым болатынын аңдайтын секілді.

Ұсталғандардың бірі – танымал саясаткер, қоғам белсендісі Ермұрат Бапи. Оның айтуынша, полиция тарапынан негізсіз айып тағылып, дәл осы мереке күні ұстап әкету – азаматтың конституциялық құқығын бұзу болып саналады.

– Қазақстанда екі қаралы дата бар. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы және 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясы. Біздің тәуелсіздік мерекесі осы екі трагедияның тасасында қалып жатыр. Тәуелсіздік мерекесі құрметіне алаңға барып гүл қояйын деп шыққанымда есігімнің алдына полиция келіп болмашы сылтаулармен Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып барды. Бұл енді айтары бар, жазары бар, дербес ойын білдіретін жігіттерді алаңға шығармаудың амалы деп ойлаймын. Үш сағат бойы қайдағы сауалдармен ұстап, алаңдағы халық тарады ау деген кезде барып босатты. Бұл – Қазақстан азаматының конституциялық еркін жүру, еркін тұру құқығын шектеудің нақты айғағы. Қандай да бір азаматты ұстау үшін нақты бір себеп керек. Ал бұл жерде ешқандай анық себеп жоқ, – дейді «Дат» жобасының жетекшісі.

Саясаткер бұл жағдайдың түптің түбінде жақсылыққа апармайтынын, саяси режимнің күн өткен сайын қатқылдана түсуі – қоғамның көңілінде шемен болып қататынын айтады.

– Бір менің өзіме бес полиция көлігі, жеті полицей, екі ҰҚК қызметкері келді. Олар екі күн бойы менің үйімді күзетті. Олардың жалақысы, көлігінің ақысы, басқа да шығындары бар емес пе. Бір адамды ұстау үшін осыншама шығын жұмсап отыр. Ал ол шығын – халықтың салығынан төленетін қазынаның ақшасы. Сонда полиция кімге қызмет етеді? Қоғамдық тәртіпті орнатуды, қылмысқа қарсы күресуді, елдегі тыныштықты сақтауға қызмет ете ме, әлде болмашы сылтау айтып жекелеген адамдардың жолын тежеп, қамауға қызмет ете ме? Саяси режимнің осындай масқара жағдайға жеткені жанды ауыртады. Физиканың заңы бойынша қандай да бір денені өзінің шекті жағдайынан асырып жіберердей қысымға салған кезде, ол дене әрі қарай бір реакция береді. Қысым шексіз бола бермейді. Қазандықтағы қайнап жатқан су сияқты, шегіне жетіп атылуы мүмкін. Қазіргі Қазақстан қоғамында соңғы 3-4 жыл көлемінде оппозициялық қарсылық әрекеті бұғып жатыр. Ол тіпті басылып қалған жоқ, ішінен қайнауда. Әрбір азаматтың үйінде, бірлестіктерде, әртүрлі орталарда қайнап, буырқанып жатыр. Осындай наразылық жинала келе бір күні атылуы ықтимал.

Ал саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, Қазақстан – ешбір мемлекеттің тәжірибесінде кездеспейтін «ерекше» жұмыстарды атқарып жатыр. «Бұл – ұятты жағдай» дейді ол.

– Тәуелсіздікті атап өтуге жиналған азаматтардың жолын кесу ешбір мемлекетте кездеспейтін шығар. Тәуелсіздік мейрамы – соңғы жылдары орталықтандырылған, әкімдіктің өзі ұйымдастырған шараға айналған еді. Әкімдердің өздері келіп қатысып, қонақасын беріп дегендей. Енді келіп құқық қорғау органдарының осындай әрекеттерге баруы қарама-қайшылық тудырып отыр. Жыл сайын тәуелсіздік мерекесі қарсаңында халықтан сескену, қорқу тыйылмай тұр. Әлде елдегі жағдайды жекелеген саясаткерлер, оның ішінде Әбілязовтың пайдаланғысы келгенінен шошынғаны ма. Дегенмен қалай болғанда да қисынсыздау шаруа. Бұл жерде заңға қайшы әрекет жасалып, азаматтардың құқығы бұзылып отыр. Елде төтенше жағдай немесе комменданттық сағат жарияланғанда ғана азаматтар тексеріліп, қадағаланады, – дейді саясаттанушы.

Ал тележүргізуші, журналист, саясаттанушы Дәурен Бабамұраттың пікірінше, Алматыда тәуелсіздік мерекесі ойдағыдай аталып өткен.

– «Болашақ» республикалық қозғалысымен бірге 16 желтоқсан күні алаңға барып гүл шоқтарын қоямыз. 17 желтоқсан күні желтоқсан құрбандарын еске алу үшін тағы да сол жаққа барамыз. Бұл үрдістің тұрақты түрде жалғасып келе жатқанына он жылдан асып кетті. Тәуелсіздік қазір айтқанға оңай болғанымен, шын мәнінде қаншама қиындық пен кедергіні басып өтіп жеткен сый. Оның артында бабаларымыздың сан ғасыр бойы төккен қаны, есіл еңбегі, құртқан жүйкесі, талайсыз тағдыры жатыр. Мереке кезінде қоғамның көлеңкелі жағын ғана көре беруге болмас. Алматы бұл мерекені жақсы тойлады. Әкімнің өзі барып гүл шоқтарын қойып, қалалықтарға үлгі болды. Республика сарайында үлкен жиын өтіп, шаһар бойынша қоғамдық-саяси шараларға белсене атсалысқан азаматтар марапатталды. Бұған мектеп, оқу орындары, басқа да қоғамдық ұйымдар өз үлестерін қосты. Барлығы біз ойлағандай бір мезетте бола салмайды. Адамдардың санасы енді қалыптасып, егемендіктің қадірін жыл санап түсініп келе жатыр. Алдағы уақытта бұл мейрамды тойлаушылар, тәуелсіздіктің бізге оңай келмегенін, сол жолда қанша адамның құрбан болғанын түйсігімен сезінетін адамдар қатары артады деп ойлаймын, – дейді саясаттанушы.

Дәурен Бабамұраттың көзқарасы бойынша, тәуелсіздікті тойлау үрдісін тек Алматымен ғана байланыстырып қана қоюға болмайды.

– Тәуелсіздік мерекесін тойлаудың көрсеткішін тек Алматымен ғана өлшейтін ұғым қалыптасқан. Бұл мереке республика көлемінде жоғары деңгейде аталып өту керек. Осы тұрғыдан келгенде бүкіл елде бір мезетте ұйымдастырылатын іс-шара қолға алынса құба-құп болар еді. Сонда ел азаматтары тегіс тәуелсіздікті тойлауға, желтоқсан құрбандарын еске алуға белсене кірісіп, бұл тұрақты дағдыға айналар еді. Әзірге ондай ортақ іс-шара жоқ. Сондықтан азаматтар жеке-жеке мерекенің қадірін сезініп, алаңға барып тағзым етеді, – деді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы қажет кезде жалынан сипатпайтын полицейлердің әшейінде қазаққа қажетсіз істерге белсене араласып кететінін сынайды.

– Өзімізге қатысы жоқ, басқа елдерге тәуелді шараларды өткізгенде алдымызға жан салмаймыз. Тіпті керек кезде табылмайтын немесе қисынсыз жерде жағадан алатын полицейлер де сондай шараларды өздері ұйымдастырып, басы-қасында жүреді. Бұл ретте еліміздің түкпір-түкпірін жайлап кеткен «Бессмертный полк», «Комсомолдың 100 жылдығы» деген сияқты жобаларды айтып отырмын. Сондықтан осындай кезде біздің ресми орындар қай мемлекеттің мүддесін қорғап отыр деген сауал туады. Өзіміздің тәуелсіздік мейрамымызды билік боп, халық боп бірге атап өтсек керемет емес пе? Мұндай атаулы күнді ұлтты ұйыстыратын, халықтың бірлігін нығайтатын фактор ретінде неге қарастырмаймыз?

Былай қарасақ билік тарапынан түрлі форматтар ұсынылуда. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты нақты ұсыныстары бар мақалалары жарық көрді. Бірақ қол астындағы орындаушылар кері әрекет ететіндей көрінеді. Қала берді парламент, мәслихат, Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты ұйымдар бар. Бірақ қазір бұл ұйымдар формальды болып қалды. Бір іске бастамашылық жасап, соны игеріп әкететіндей күшке ие емес, – деп пікір білдірді.

Осы жағдайға орай, саяси ғылымдарының кандидаты Толғанай Үмбетәлиеваның да пікірін сұрадық.

 Бұл ретте билік адамдарды өзінің саясатына бағынбай кетеді, тіпті өздері тұрғызған режимді құлатады деп қауіптенеді. Белсенділердің кез-келген себеппен алаңға шығуы биліктің ашуын қоздырады. Осы көріністер арқылы біз жаңа бір кеңістікке, жаңа алаңға деген таластың да айқындалып келе жатқанын байқап отырмыз. Қазіргі таңда билік үшін алаңның – адамдарға емес, саяси элитаға «тиесілі» екенін ескерту өте маңызды болып тұр. Билік өз қарсыластарының эмоцияға толы қуатты сөздері, белсенді қалалық тұрғындардың намысын күшейтіп жібереді деп қорқады. Сонымен қатар «тәуелсіздікті қалай тойлау керек?» деген ой-пайымға қатысты да екеуара күрес жүріп жатқандай. Қоғам белсенділері тәуелсіздікті алуға себепкер болған 1986 жылы алаңға шыққан жастар ерлігін еске алуды, оларды әспеттеуді қалайды. Бірақ билік тәуелсіздікті – жеке өздерінің еңбегінің жемісі деп санайды. Ал тарихқа қарайтын болсақ, қазіргі билікте отырған азаматтар «баррикаданың» ар жағында болмап па еді? Менің ойымша, түптің түбінде жеңіс – билік қарсыластарына тиесілі болады. Бүгін оларды шектеу, алаңға шығармау әрекеттері іске асқан шығар, бірақ келешекте бәрібір халық өз дегенін істейді.

Билік пен халық арасында шынайы диалог болған емес және ондай диалогқа билік дайын да емес. Билік өзінің позициясы мен идеяларын жария ететін «трибуна» бар. Бірақ қоғам ондай идеяны қабылдаудан қалған. Қоғам бір нәрсеге шағымданып, оны жоғары жақтағы құзіретті органдар шешеді деп үміттенді. Бірақ органдар халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға құлық танытпады. Сөйтіп жүріп қоғам есейді. Билікпен тең дәрежеде тайталаса алатын деңгейге жетті, – дейді.

 Саясаттанушының пікірінше, билік ендігі ретте өз бағытын өзгертіп, өз саясатын жұмсартпайтын болса іс насырға шаппақ. Сондай-ақ полицияның жүгенсіз кетуі де қоғамның кеселіне айналып бара жатыр. 

 – Қазір Қазақстан қоғамында түрлі деңгейдегі «микроқарсылықтар» бой көтеруде. Және олардың саны артып, күшейе түспек. Ал қазіргі басқару жүйесі шаршады, елдегі жағдайларға, талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан билікке өз стратегиясын өзгертіп, қоғаммен, оның ішінде өз қарсыластарымен келісімге келу, қарым-қатынас жасау өте маңызды. Қазір мені көбірек толғандырып жүргені – құқық қорғау органдарының іс-әрекеті, олардың біліксіздігі, кәсіби төмен деңгейі және білімсіздігі. Полицияның өзін қылмыстан арылту керек. Әйтпесе, әлеуметтік желіде өріп жүрген видеолар олардың қандай деңгейде екенін, қылмыстық берекесіздікке қалай белшесінен батқанын көрсетіп беріп отыр, – дейді Орта Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбетәлиева.

 Қазіргі саяси режимнің жүзеге асырып отырған шектеуіне риза емес көпшіліктің пікірінен туындайтын пайым – билік пен халық арасында бір-біріне риясыз сенген ортақ көзқарастың, ашық диалогтың қалыптаспауы осындай үрей мен қарадүрсін әрекеттерге әкеліп соғып отыр. Қарапайым халық «полицияға күнімізді салмасын» деп алыстан қашса, полиция тапа-тал түсте жазықсыз адамдарды бөлімшеге сүйрегенге шебер. Мемлекеттік жарғылар мен бастамалар қоғамдағы жарқын өмірді насихаттаса, президенттен кейінгі билік иелері адамдарды тас құрсауда ұстағысы келетіндей.

«The Qazaq Times»