«Суға жарымаймыз»: Алматы облысының тұрғындары жанайқайын жеткізді — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында су тапшы. Тұрғындар сусыз өмір сүріп келе жатқанына бірнеше жыл болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Дау-дамайсыз» бағдарламасына сілтеме жасап.

су

Алматыдан 130 шақырым орналасқан Нұра ауылында алты жастан баладан еңкейген қария да су тасиды. 

«Осы совхозда есепші болып жұмыс істедім. Енді қартайғанда су тасумен күн кешіп жатырмыз. Өмірбақи су тасимыз. Жасымыз 70-ке таяп қалды. Көшемізге су ағатын орнатып беріңдер. Ары қарай өзіміз кіргізіп аламыз. Осы Қазақстанда тұрып жатырмыз. Тілейтініміз су. Қалғанын өзіміз жасап аламыз. Үкіметтен ештеңе сұрамаймыз», – Кәтіш Құтымбетова, ауыл тұрғыны.

Ауыл тұрғындарын әкімдік 2011 жылдан бері алдап келген. Жыл сайын уәде берумен келеді екен. Су сағат бойынша қосылады екен. Ішетін суды әрең жеткізіп отырғанда, тіпті малға жетпей қалады дейді. Ауыл тұрғындары суға мал басына дейін ақша төлеп отыр екен. 

«Бір әкім алдап кетті. Екінші әкім екі жылда болады деп еді, қазір қарасын көрсетпейді. Мына су сағатпен қосылады. Үлгеріп алсақ алдық, алмасақ бір-бірімізден шәугіммен су сұраймыз. Мал су ішсе ішті, ішпесе сол күйі қалады. Зейнетақымызды алғанда сол жердегі келіншек суға төлеңіз деп алады. Жан басына 150 теңгеден, ірі қара малға 20 теңге, қойға 5 теңгеден төлейміз», – дейді ауыл тұрғыны.

Ал ауыл әкімі ауыз суды шеше алмайтынын айтады. Бір қызығы ол мал басына да суға жиналатын ақшаны білмейтін болып шықты. Сондай-ақ, ауылды төрт жыл басқарған әкім қай көшеде су құбырының бар-жоғын білмейтінін байқатты. 

«Бұл ауылға өзім 2016 жылдың қыркүйек айының соңында әкім болып келдім. Жиналыста айтатынымыз тек ауыз суы ғана. Басқа еш нәрсе емес. Аудан әкіміне барамыз, одан мәслихатқа, одан облысқа барамыз. Бәрі біздің ауылда су жоқ екенін біледі. Шешілмей келе жатыр, өтірік айтпаймын. Ауыл ақсақалдарын аудан әкіміне алып бердым. Өздері де біледі», – дейді ауыл әкімі Еркінбек Дәуітқұлов.

Ал ауыл суын таратушы тұрғындарға су жеткілікті екенін және әр көшеде ағып тұрғанын айтады.

«Былтырдан бері суды 11-ден 17-ке дейін қосамыз. Ауылдың ішінде су жоқ деген бекер. Бәрінде су ағып тұр. Арғы көшеде ғана қаңсып тұр. Мал басына ақша жинау мен келмей тұрып қойылған баға. Оны білмейді екенмін. 2011 жылы сәуір айында әкім болған Қашағанов Айтжан ауылдың имамымен бірігіп отырып, мал басына да ақша төлеуді қойыпты. Қолымызда техника жоқ. Әйтеуір бірдеңесін істеп жатырмыз. Ауыл тұрғындары да суға толық ақша жинамайды. Бұл ауылдың суы бірінші құдайдың мойнында, екінші менің мойнымда тұр», – дейді су беруші Қайрат Балабеков.

Ал аудан әкімі халықты толық сумен қамтамасыз етуге арналған сметалық жоба қаражаттың болмауынан жүзеге аспағанын айтады. 330 миллионнан көп теңге керек. Еңбекшіқазақ аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұра ауылына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бес жерден су шығарылатынына уәде берді. 
 

stan.kz