Студенттер Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру идеяларын ұсынды          

0

«Ауғанстандағы тұрақсыздық және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті шешу жолдары» атты студенттік мақалалар байқауы аяқталды. Ол университеттер мен институттар тәлімгерлерінің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты ой елегінен өткізулеріне көмектесті, жоғары оқу орындары жастарының геосаяси мәселелерге араласуына түрткі болып, сондай-ақ болашақ зерттеушілердің өз кәсіби шеберліктерін көрсетулеріне мүмкіндік берді.

«Үздік аналитикалық мақала», «Үздік қоғамдық-саяси мақала», «Ауған мәселесін шешудегі инновациялық көзқарас» номинациялары бойынша үздік мақала байқауын Халықаралық ғылымды дамыту орталығы мен журналистика факультетінің  ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және  қоғамдық медиа кафедрасы өткізді. Байқаудың басты мақсаты өскелең ұрпақты әлемде  болып жатқан саяси үдерістерге қатысты жауапкершілікке тәрбиелеу, сонымен қатар олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру болып табылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев қорытындылай келе, факультет студенттері түрлі кәсіби байқауларға, турнирлерге, олимпиадаларға белсене қатысып, сол арқылы мамандықтар мен оқу бағыттары бойынша сабақтарда жоғары шеберлік көрсетіп жүргендерін атап өтті. Ауғанстан тақырыбы әлемдік қауымдастықтың күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі екені сөзсіз. Көптеген күш-жігерге қарамастан, осы уақытқа дейін Орталық Азиядағы тұрақсыздықтың сақталу себептерінің бірі болып табылатын ауған түйінін тарқату мүмкін болмай отыр. Ал, мұның өзі аталған мәселені одан әрі шешу қажеттігін білдіреді. Студенттердің тұрақтылық пен әлемдік тәртіп туралы пікірталасқа қатысуы да жағдайды тұрақтандыру идеясын таратуға үлес қосады.

Халықаралық ғылымды дамыту орталығының бас директоры Нұржан Нұрмахметов «Ауғанстандағы тұрақсыздық және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті шешу жолдары» байқауына қатысушыларға алғысын білдіріп, студенттер жаһандық әлемдік проблеманы талқылауға қызығушылық танытқанын, олардың коммуникативтік құзыреттіліктерін және болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарас танытқандарын атап өтті. Байқауға жіберілген көптеген мақалаларда 2021 жылы 6 тамызда Ашхабадта өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Үшінші Консультативтік кездесуінің рөлін бағалау басты бағыт болды, онда дүниежүзілік қауымдастық Ауғанстандағы жағдайға байланысты жалғасып жатқан дағдарыстан шығу үшін жалпы күш-жігерді азайтпауы керектігі туралы анық та айқын ай          тылды.

Байқау Қазақстанның бітімгершілік бастамаларына тағы да назар аударуға мүмкіндік беріп, жас жеткіншектердің азаматтық және саяси белсенділігін тәрбиелеуге өз үлесін қосады, деген ойдамын, деді ол.

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және  қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова журналистика, халықаралық журналистика, қоғаммен байланыс мамандықтары бойынша тек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ғана емес, сондай-ақ республиканың басқа да жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер шығармашылық сайыста білім мен білік сайысына түскенін атап көрсетті.  Ал олардың өз мақалаларында бейнелеген көптеген идеялары жаһандық саяси кеңістікте көрініс табары айқын.

Құрамына белгілі журналистер, ұстаздар мен ғалымдар кірген беделді қазылар алқасының пікірлері бойынша студенттердің жазбаларында көптеген қызықты идеялар айтылып, этно-діни қақтығыстың мәніне терең түсінік берілген және Ауғанстан халқының: балалардың, әйелдердің, аз ұлттардың ауыр жағдайының айғақтары ұсынылған. Байқауға қатысушылар өз мақалаларында елде жосықсыз идеялар орын алғанға дейін Ауғанстанның бақытты тарихы болғанын, сондықтан олардың алдын алудың оңтайлы жолы – жалпыға бірдей жоғары сапалы білім беру екенін жиі атап өткені кездейсоқ емес.

Байқау қорытындысы бойынша «Ауғанстандағы тұрақсыздықты  шешудің жаңашыл жолдары» номинациясы бойынша «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Әсемай Маратованың «Ауған мәселесін шешудегі инновациялық тәсіл» атты жұмысы, «Ауғанстандағы тұрақсыздықты  шешудің жаңашыл жолдары» номинациясы бойынша «Қоғаммен байланыс» мамандығының 4 курс студенті Жанерке Тілеудің  «Ауғанстан өзгелерден  басқа әлем» жарияланымы  жеңімпаз атанды, ал «Қоғамдық байланыс» мамандығының 4 курс студенті Дана Шауленова «Үздік әлеуметтік-саяси мақаласы» үшін марапатталды. Жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлық сертификаттарына ие болды, байқауға қатысушылардың барлық жұмыстары да дипломдармен марапатталды, жастар жаңа тәжірибеге ие болып, өздерінің кәсіби біліктерін айқындайтын  жетістіктерін көрсетті. Байқауға қатысушылар миллиондаған ауғандықтардың азапты күндерінің тезірек аяқталуына тілектестік білдірді.