Өзбекстан Парламенті насвайды заңдастыру мәселесін қарады

0

Өзбекстан Парламентінде насвайды заңдастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды kznews.kz сайты uzreport.tv порталына сілтеме жасап.

Өзбек депутаттары елде насвай өндірісі мен сатылуын реттеу керек пе деген мәселені талқылады.

«Насвай қазір кеңінен қолданылады. Оған тыйым салу керек не оның өндірісін реттеу керек. Әйтпесе, ол тоқтамайды. Біз бұған көз жұмғаннан өмір өзгермейді», — деді Парламент депутаты Максуда Ворисова.

Депутат Уктам Исламов онымен келіспейді. Оның пікірінше, насвайдың темекі өнімдерінің тізіміне енуі «зиянды заттың» жаппай өндірісіне әкеледі.

Денсаулық сақтау комитетінің қызметкері Кизилгул Косимова, керісінше, заңдастыру өндірушілерді тежейді деп санайды. Өйткені олар өз тауарларын сертификаттап, салық төлеуге мәжбүр болады.

Нәтижесінде парламентшілер бір пікірге келе алмады. Ел үкіметі ұсынған заң жобасын түпкілікті қарау екінші оқылымға қалдырылды.

Насвай — күл, темекі және әк қоспасы. Орта Азия елдерінің ішінде оны тұтынудың ең жоғары көрсеткіші Өзбекстанда — халықтың 12 пайызы (ересектердің 20 пайызынан астамы). Қазақстанда, Түркіменстанда және Ресейде насвайға тыйым салынған.