СҚО-да ауылдық округ әкімі қой кезекте жүр

0

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев бүгін қой кезекте жүр.

«Халықтан асып қайда барамыз?! Халықпен біргеміз, олардан еш жерім артық емес. Бұл қойлар менікі де емес, мен тұрып жатқан үй иесінікі. Бір туысым Көкшетау қаласына көшіп кеткен. Соның малы менің мойнымда. Кезекпен бағамыз», — дейді ол.

Ауыл әкімімен болған әңгіме осы жерден үзілді. Болат Бейсенбаев 5 минуттан кейін хабарласуымды өтініп, қойдың басын бір иіріп келетінін айтты. Араға 5-10 минут салып ауыл әкімімен әңгімеміз қайта жалғасты.

Болат Бейсенбаев Бұлақ ауылына қаладан көшіп келген. Ауылда өз үйі болмаған соң Көкшетауға қоныс аударған туысының үйін паналап отыр. Мемлекеттен үй берілмеген. Себебі, әкімдер «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына ілікпейді екен.

Болат Бейсенбаев осыдан 9 ай бұрын Бұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланған. Ол сайлауға Қазақстан Халық партиясы атынан қатысып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Бұлаққа әкім болып келгелі екінші рет қой кезекке шығып отыр екен.

Былтыр тамыз айында әкім боп келгелі қойдың кезегі осымен екінші айналып келіп тұр екен. Бірінші рет былтыр күзде баққан. Жұмысын қатар алып жүру қиын болса да қой кезектен бас тарта алмайтынын айтады.

«Кедергі болатын шығар, азар болса бір күнімді алып тастар. Енді не істейсің? Бірақ аудандық басшылыққа ескерттім, осындай жағдай барын айттым. Кейбіреулер мені қой кезекке кісі жалдауға шақырады. Оларға «сендер мені олай жемқорлыққа итермелемеңдер, өзім бағамын» деп айттым», дейді әкім.

Айта кетейік, Болат Бейсенбаев басшылық ететін Бұлақ ауылдық округіне Ақтас, Қарағай деген елдімекендер қарайды.

Бұлақ халқы (Ақтас, Қарағай ауылдарының тұрғындары) өздері сайлаған әкімді барынша қолдап келеді. Жақында Болат Бейсенбаевтың басы дауға қалғанда, тұрғындар оған араша түсті. Ауыл халқы Наурыз мерекесін тойлау кезінде соққыға жығылған азаматқа қатысты әкімнің еш қатысы жоғын айтты.

(Ақпарат, фото halyq-uni.kz)