сотта жәбірленуші тарап спортшының тапсырыспен өлтірілгенін айтты

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

220111

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады

АЛМАТЫ, 25 желтоқсан — Sputnik. Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша қылмыстық іске қатысты өтіп жатқан сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеді, деп хабарлайдытілшісі сот залынан.

Теннің отбасының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Жәбірленуші тарап іске қатысты процессуалдық бұзушылықтар бар және қылмыс тапсырыспен жасалды деп есептейді. 

«Біз қылмыстың сыбайластарын анықтау үшін істі прокурорға қосымша тергеуге жіберуді сұраймыз. Істің материалдарындағы дәлелдердің қайшы тұстары бар, олар қылмыстың тапсырыспен жасалғанын көрсетеді. Айдап салушылар мен арандатушыларды жауапқа тарту керек. Қосымша тергеу жүргізіп, дербес сот өндірісіне бөлуді сұраймыз», — деді Өстеміров. 

Оксана Тен бұл пікірмен толықтай келісетінін айтты. Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың қорғаушысы Астана тұрғыны Самар Шәмшиевті сотқа жеткізуді сұрады. Ол бұған дейін Арман Құдайбергеновтің ұрлығынан зардап шеккен. 

Ал айыптаушылар Оксана Теннің қорғаушысының арызының қайтарылғанын айтты. Сотталушылардың қорғаушылары істі қайта қарауға негіз жоқ деп отыр.

«Әдейі өлтірді дегенге келмейді. Тіпті «адамды өлтірді» деген баппен айыптау дұрыс емес. Олар ұрлық жасауға барған адамдар, ал кісі өлтіруді мақсат етпеген. Алдын ала арнайы келіспеген. Тіпті, танымайды. Мысалы, адамды не үшін өлтіреді? Ақшасын алу үшін немесе жаңағыдай тапсырыс берген кезде. Ал мұнда ешкім тапсырыс бермеген», — деді айыпталушы Толыбаеваның адвокаты Амангелді Шариев. 

Бүгін Алматы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. Сотқа 100-ге жуық адам жиналды, олардың арасында спортшының туған-туыстары, БАҚ өкілдері бар. Сот алдына үш адам келді — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Бүгін отырыста күдікті әйелдің аяғы ауыр екені белгілі болды.


©
Sputnik /

Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер сот залында

Денис Теннің қазасы

Биыл шілденің 19-ында тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.

Денис тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі қаскөйдің үстінен түседі. Арада жанжал басталып, ұрылардың бірі спортшыны пышақпен жарақаттайды. Үш литр қан жоғалтқан спортшының өміріне дәрігерлер араша түсе алмады. Тен ауруханада кешкі бестер шамасында көз жұмды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/