Ажарлы Анкара, шырайлы Стамбұл | «Айқын» газеті

0

Желтоқсан айының 11-16 күндері Түркияда қазақ журналистерінің форумы өтті. Қазақстанның медиа делегациясы Анкара мен Стамбұл қалаларындағы бірқатар мәдени орындармен танысып қайттық. Сапарымызға ТІКА ұйымы және Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мұрындық болды.

Екі ел ынтымақтастығының іргесін қалап, игілікті жұмыс істеп келе жатқан компания құрылған күнінен бері басым бағыттар аясында Қазақстанда экономика, сауда, мәдениет, өнер, ғылым, техника, білім және денсаулық сақтау салаларында әлеуметтік, қоғамдық маңызы зор ауқымды жобаларды іске асырып келеді.
Бес күнге жоспарланған сапарымыз тығыз бағдарлама аясында өтті. Сапар барысында байқағанымыз, Түркияның біз танысқан компания, кәсіпорындарының барлығы әлемдік нарықта табысты қызмет етуде. Заманауи стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс жасап келе жатқан орта­лық­тардың жұмысы бұл елде өте жақсы дамыған.
Сыртқы істер министрлігінің қызмет ауқымымен танысу барысында министр­ліктің атқарған жұмыстарына қанық болдық. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан­дық елшілік ашылды. Сонымен қатар мұнда 70 ел визасыз келу мүмкіндігіне ие болған. Берік ынты­мақ­­тастықтың нәтижесінде 25 жыл ішінде Түркия еліміздің тек құрылыс саласына 23 миллиард доллар инвестиция құйыпты. Одан бөлек ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, фармацевтика сынды сан саладағы бірлескен жобалар екі мемле­кет үшін де тиімді нәтижесін берген. Алдағы екі-үш жылда бұл бағыттағы серіктестік байланыстар одан ары қарқын алады деп көзделіп отыр.
Министрліктен шыға салысымен «Анадолу» агенттігіне келдік. Мұнда да бағдар­лама бойынша бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен таныс болдық. Президенттік мәжіліс залында қазақ-түрік журналистерімен басқосу өтті. Одан кейін Қазақстан Республикасы елшілігі­нің қабылдауында болып, елшіліктің қызмет барысымен егжей-тегжейлі таныстық.
Сәрсенбінің сәтті күнінде Түркия президенті аппаратының Байланыс әкім­ші­лігіне бардық. Сол күні кешкісін Түркия­да Қазақстанның мемлекеттік Тәуелсіздік күні аталып өтті. Қазақстан елшілігінің ұйытқы болуымен Анкарада шымылдығын түрген мерекелік қабылдау халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін керемет кешке ұласты. Меймандар қазақ­тың халық әндерімен сусындап, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Түрік Республикасы президенті Аппара­тының және Түркия Сыртқы істер министр­лігінің өкілдері, дипломатиялық корпустың алғашқы тұлғалары, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, танымал мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлері, ұзын саны 600-ден астам адамның қатысуы­мен өткен салтанатты қабылдау еліміздің Әнұранымен ашылды. Түркия президенті­нің бас кеңесшісі Ялчин Топчу бастаған саясаткер­лер мен әр саланың көш басында жүрген зиялы қауым өкілдері барша отандастары­мызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында тарихы тамырлас елдердің дипломатиялық қарым-қатынасы жыл өткен сайын өрістеп келе жатқанын жеткізді.
Ялчин Топчудың айтуынша, қазір Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы екі көшбасшының, қос Астананың байланысы қарқынды түрде дамып келеді. Сирия мәселесі бойынша Астана процесі қанша­лықты нәтижелі болып жатқанына әлем куә. Бұл Қазақстанның әлемдік саясаттағы биік бітімгерлік беделін көрсетеді дейді ол. Сондай-ақ түрік зиялылары Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Қазақ­стан үшін ғана емес, бүтін түркі дүниесі үшін тарих тамырына қан жүгіртетін серпін­ді бастама деп санайды.
– Екі мемлекет арасындағы саяси байланыс өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. Бұл жоғары деңгейдегі ынтымақ­тас­тықтың ең маңызды рөлі Елбасыға тиесілі. Елбасымыздың түркі жұрты ішіндегі Түркияның саяси-қоғамдық тобы­ның арасындағы беделі аса жоғары. Мұны тек Үкімет мүшелері немесе жоғары лауазым­ды тұлғалар ғана емес қарапайым халық­тан сұрасаңыз да, бірінші кезекте, айтатыны Елбасымыздың түркі әлеміндегі рөлі, оның ішінде соңғы жылдардағы Қазақ­­стан халқы үшін ғана емес, түркі әлемі үшін жасаған игі бастамалары дәлел. Бұл ретте Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесін, Халықаралық Түркі акаде­мия­сын айрықша атаған жөн. Түркияның алдыңғы қатарлы тұлғалары Президенті­міз­дің жуырда ғана жарық көрген «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласын түркі әлеміне шақыру ретінде бағалайды, тіпті түркі әлеміне жасалған манифест ретінде қабыл­дау қажеттігін атап өтуде. Бұл тараптан түркі мәдениетін, өркениетін әлемге таныту барысында, ең алдымен, өз арамызда бағдар­ламалық жобаларды жүзеге асырсақ деген ұсыныстар да жоқ емес, – дейді Қазақ­станның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы.
Биылғы қыркүйек айында өткен Елба­сы­ның түрік еліне ресми сапары барысында екі ел арасындағы бірқатар ауқымды жоба­ларға қол қойылған болатын. Бұл инвес­ти­ция­лық-коммерциялық жоба­лар ел эко­номикасын дамытуға соны серпін бермек. Бауырлас халықтардың рухани байланысын одан әрі нығайта түскен қабылдау кешінде Сүйінбай атын­дағы Алматы облыстық филар­мония­ның құрамына кіретін «Адыр­на» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» халық би ансамблі қазақ өнерін жоғары деңгейде көрсетіп, көпшілік­ті тәнті етті.
Анкарадағы сапарымыз осындай салмақ­ты шаралармен қорытындыланған соң үшінші күні Стамбұл қаласына аттанып кеттік. Туристер жиі бас сұғатын, 18 миллион халқы бар тарихи қалада заманауи өндіріс жүйесі қалыптасып, электроника, ақпараттандыру, көлік өндірісі, қаржы, бизнес, логистика және т.б. салалар кеңінен дамыған. Шырайлы шаһар бізді өзінің ерекше сәулетімен, көркем келбетімен таңғалдырды. Стамбұлдағы сапарымыз Топкапы сарайынан басталды. Тарихи кешеннің құрылысы, тарихы бізге ерекше ұнады. Түрік халқының көне жәдігерлерді жақсы сақтағанын көріп сүйсіндік. Сұлтан Ахмет алаңын араладық.
Келесі күні Стамбұлдағы ТРТ студия­сына жұмыс сапарымыз ТРТ Әлемдік орталығы және ТРТР Стамбұл радиосымен танысуға ұласты. Бұл компанияның өкілдері де алдағы жоба-жоспарларымен таныс­тырд­ы. Орталықта жаңа коммуни­кациялық технологияларды қолдану тәрізді инно­вациялық жүйелері молынан қалып­тасқанына көз жеткіздік. Олар өз кезегінде бізбен әріптестік байланыс орна­тып, ынтымақтаса жұмыс істеуге қашанда мүдделі екендерін жеткізді. «Анадолу» агенттігіне сапарымыз да ерекше есте қалды. Агенттік өкілдері орталықтың жұмысы жөнінде әңгімелеп, компанияның құрылу тарихынан, заманауи жетістік­терінен хабардар етті.
Сапарымыздың соңғы күні Айя София музейінде болдық. Түстің кезінде Босфор жағалауын кемемен аралап, тамаша көңіл күймен әуежайға аттандық.
Түркияның кең географиялық ланд­шафы, аймақтық дәстүрлері мен бай тарихы кез келген мейманға өзгеше әсер сыйлайды. Ондағы туризмнің барлық түрі туристердің қай санатына да қолжетімді екенін анық аңғардық. Бір сөзбен айтқанда, бауырлас түрік елінде өткен бес күніміз қызыққа толы болды. Түрік халқының қонақжайлығына тәнті болып, өз елімізге көтеріңкі көңіл күймен қайттық.

Абылайхан ЖҰМАШ,
Астана – Анкара – Стамбұл – Астана

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз