Сириядан оралған қазақ қызы: Ішерге тамақ болмай, қайыр тілеп кеттік – Қазақстан жаңалықтары

0

«Жусан» операциясы бойынша Қазақстанға оралған оралдық қыз Сирияда өмір сүрген кездегі бастан өткерген жантүршігерлік жағдай туралы айтты. Соғыс аумағында әбден қиналған отандасымыз ақыр аяғы үй-үйді аралап, қайыр тілеп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

әйел

«ДАИШ баскесерлерінен тұратын снайперлер үшін біз сияқты шетелдіктердің құмырсқа құрлы құны жоқ. Олар балаларды да, әйелдерді де шетінен ататын. Кейде балалар минаның үстінен басып кетіп, көз алдымызда өліп кетіп жатты. Балаларымыздың көрер көзге аш отырғанына қарау да сондай қиын еді. Сирияда ертеңімізді ойламақ тұрмақ, бір күндік тамағымызды тауып іше алмайтын жағдайға жеткен күндер болды. ДАИШ жендеттері, соның ішінде ирактықтарда мұндай проблема болған емес. Себебі олар кез келген уақытта шекарадан шығып, қалаған тамағын сатып алатын.

Бірақ бізбен тамақтарын бөліспейтін. Тамақ табу үшін мен сияқты шетелден келген әйелдер үй-үйді аралап, жергілікті тұрғындардың есігін қағып, қайыр сұрап кеттік. Соңғы кездері тауыққа арналған жемді алып, тазалап, сағаттап қайнатып балаларға беруіме тура келді. Жерде қандай шөп өседі, соның барлығын балаларға қайнатып беріп жүрдік. Кейін талғажау ететін көк шөп те қалмады», – дейді ол. 

Айтуынша, аштықтан құтылу үшін бір топ адам ДАИШ аумағынан күрдтердің территориясына қарай қашқан.

«Күрдтердің территориясына өтер күн жақындағанда даладан малға беретін бидай тауып алғаным есімде. Алтынға кенелгендей қуанып, сол бидайды жуып-тазалап, отта үш сағат қайнатқанымды әлі күнге ұмыта алмаймын. Сол жемді жегеннен кейін балаларым қатты ауырды. Әсіресе, іштері кеуіп, мазалары болмады. Бірақ амал нешік. Талғажау қылатын түк болмаған соң, суға қайнаған быламықты беруге мәжбүр болдым. Күрдтердің қолына түскеннен кейін, балаларға тамақ табылғанына қуандым», – дейді ол. 

Тағы оқыңыз >>> 

Бүгінде елге оралып, кенже баласын туған жерде дүниеге әкелген оралдық қыз тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтатқанын естігенде «Жусан» операциясы тоқтап қала ма деп қатты қорыққан. 

«Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын естіген кезде, шыны керек, қатты қорықтым. «Енді «Жусан» операциясы жалғаспайды, өлім сағаты соққанша лагерьде қалып қоямыз» деген ойдан не істерімді білмей, қатты қиналдым. Уақыт өте өзімді сабырға шақырғаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының жолын жалғастыратынын түсіндім», – дейді. 

Елге оралған сәтін еске алған оралдық қыз табаны туған жердің топырағына тиген сәтті ешқашан ұмытпайтынын айтып, толқыды. 

«Біз әскери ұшақпен Ақтауға таң ата жеттік. Самал жел соғып тұрды. Сол кезде анамның аялы алақаны маңдайымнан сипап жатқандай сезімде болдым. Туған елдің қадірі қандай болатынын енді түсіндім. Жақын маңнан теңіздің исі келіп жатты. Осы бір керемет сәтті өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын», – деп аяқтады ол әңгімесін. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Сириядан оралған ақтөбелік әйелдің сотталғаны туралы хабарлаған едік. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз