СІМ Египеттегі елшілік қызметкерін «қинап өлтірген» деген ақпаратты жоққа шығарды
Казақстанның Египеттегі елшілігінің екінші хатшысы болған 40 жастағы Еламан Жолдасовтың денесін әйелі 13 желтоқсанда үйдің кіреберісінен тапқан. Ал оның денесінде қандай да бір зақым іздері болмаған. Бұл туралы 18 желтоқсанда Нұр-сұлтандағы брифингіде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
— Осы оқиғаға қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Еламан Жолдасов үйінің жанында өлі табылды, оның қолдары мен аяғы артынан байланып, арқасы мен денесі кір болған, оны сүйреген» деп тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Оны тапқан кезде мойны жіппен оралып, баспалдақтың таянышына асылып тұрған. Алғашқы сыртқы тексеру кезінде денеде қандай да көгерулер мен жарақаттар болған жоқ. Қолдары мен аяқтары байланбаған. Оны оқиға орнында жасалған фото және бейнематериалдар дәлелдейді. Әйелі де сол жерде болды және осының бәрін біледі. Әрине, тергеу мүддесіне байланысты бұл материалдар қазір жарияланбайды. Бұл – үлкен қайғы, одан сенсация жасаудың қажеті жоқ, — деп мәлімдеді министрлік өкілі.
Министрлік Жолдасовтың өзін-өзі өлтірді деген нұсқаны да растамады, жоққа да шығармады. Журналистерден тергеудің аяқталуын күтуді сұрады.
Смадияровтың дерегінше, істі Египеттің бас прокуратурасы ерекше бақылауына алған. 15 желтоқсанда Каирге қызметтік тексеру жүргізу үшін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері барған. Тергеу барысында сот-медициналық сараптама жасалған. Қорытындысы Қазақстан жағына жақында беріледі. Министрлік дипломаттың денесі Қазақстанға әкелінгеннен кейін де қосымша сот-медициналық сараптама жасалатынын айтты.
Еламан Жолдасов араб тілінің кәсіби маманы болған. Египеттегі БАҚ-тарға бірнеше рет сұхбат беріп, материалдары жарық көрген. Сыртқы істер министрлігінде 2013 жылдан бастап қызмет атқарған.