Шымкентте сотталушыға химиялық кастрация қолдану жайлы үкім шықты

0

Бүгін, 29 шілдеде Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелеттік жасқа толмаған екі қызды зорламақ болған деп таныған адамға химиялық кастрация шарасын қолдануға үкім етті.

Қалалық соттың ресми сайтындағы ақпаратта Еркінбек Әлімбетовті 15 жылға бас еркіндігінен айыру және оған химиялық кастрация жасауға үкім шыққаны айтылған.

Сот оны Қылмыстық кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша айыпты деп танып, жазасын өтеуге қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіне жіберу туралы үкім шығарған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Судья Абинұр Қарабаевтың Азаттыққа айтуынша, стталушы 2003 жылы Мақтарал аудандық сотының үкімімен дәл осындай қылмыс жасағаны үшін он жылға сотталған. Жазасын өтеп шыққаннан соң қайта қылмыс жасаған. Сотталушы тағылған айыпты мойындамаған. Қылмысты жасаған уақытта ішімді ішкенін, оқиғаның қалай болғаны есінде жоқ екенін айтқан.

Сотталушы 1978 жылы туған, еш жерде жұмыс істемейді. Отбасылы, бір баласы бар. Кастрациялау шарасы медициналық сараптама қорытындысы негізінде тағайындалған. Бұл Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша кастрацияға қатысты алғашқы үкім.

Еркінбек Әлімбетов 2 мамырда 9 және 12 жастағы екі қызды қорқытып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасауға оқталған деген күдікпен ұсталған.

Azattyq