Шалқарда төбелесте қаза болған студент жерленді

0
64

Бүгін, 29 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар қаласында кісі қолынан мерт болған Аслан Әбдір жерленді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 21 жастағы студент екі күн бұрын топтасып төбелесу кезінде оқ тиіп қаза болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Шалқардағы екі ықшам аудан жастары арасында шыққан жанжал салдарынан үш адам ауыр жарақат алған. Оның екеуі қазір аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр екенін айтады.

«27 шілде күні таңғы сағат үш шамасында бір топ жігіт Шалқар аудандық ауруханасына оқ тиген үш азаматты жеткізді. Олардың бірі – 1998 жылы туған жігіт ауруханаға жеткенше көз жұмған. 1999 және 2000 жылы туған азаматтарға шұғыл ота жасалды. Екеуінің де кеудесі мен ішіне бытыра тиген. Ауруханаға жеткізілген кезде жағдайлары өте ауыр болды. Қазір екеуінің жағдайы тұрақты ауыр» деді Азаттық тілшісіне Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Есенғали Көпенов.

Аты-жөнін атамауды сұраған Шалқар тұрғынының айтуынша, орталықтағы «Мерей» сауда үйінің жанында қаладағы «Город» және «Селивановка» деп аталатын екі ауданның балалары өзара шекісіп қалған.

Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев тергеу мүддесіне орай ешқандай мәлімет бере алматынын айтты. Ал Ақтөбе полициясының мәліметінше, «кісі өлтірді» деген күдікпен 21 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынған. Одан 16 калибрлі шолақ мылтық тәркіленген.

Шалқарда бұған дейінде жастар арасында төбелес болып, аяғы қазамен аяқталған. Биыл 26 қаңтарда қаладағы Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Мирасбек Дәулетияр кісі қолынан мерт болды. Осыдан кейін Шалқардағы № 6 мектеп оқушысы 16 жастағы Асылбек Сабыр қамауға алынды. Шалқар көлінің шетіндегі мұз айдынындағы оқушылар төбелесі кезінде Мирасбек Дәулетиярдың «жүрегіне пышақ салып алған» Асылбек Сабыр қазір тергеу изоляторында.

Azattyq