Шымкентте көршісімен керісіп, соққыға жығылған ер адам қимылсыз жатыр — новости Казахстана
Көршісімен керісіп, соққыға жығылған шымкенттік жарты жылдан бері төсекке таңылып қимылсыз жатыр. Жәбірленуші 39 жастағы азаматтың жұбайы Оксана Юкшина жарты жылдан бері бірде бір рет сот медициналық сараптаманың жасалмағанын айтады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесінің тұрғыны Марс Муродымов көршісімен керісіп қалады.
Сөзбен ерегісу соңы төбелеске ұласады. Көршісі және оның жақтастары Марсты соққыға жығып, тіпті жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлы да таяқ жейді.
«Оқиға болған күні ақ учаскелік инспекторға барғанбыз. Жүздесудің сәті түспеді. Кейіннен ауруханаға шапқылап мұрша да болмады. Жансақтау бөлімінде 11 күн жаттық. Дәрігер ми ісініп кеткендігін, тез арада ота жасау қажет екендігін айтты.
Отадан кейін де 10 күн тағы ем алдық ауруханада. Ауруханадан шыққан соң учаскелік инспекторды шақырттық. ІІБ-нен келді тағы. Тергеушіге сот медициналық сараптама жасату керектігін айттық. Төсекке таңылған күйеуімнен шыға алмаймын.
Өздігімнен ештеңе жасай алмадым. Тергеушінің ертеңі бітпей ақырында діңкілдеп дөрекі сөйлеп міндет қылатын болды. Ақыры сараптама да жоқ, тергеушіден де қайран болмады«, — дейді Муродымовтың жұбайы.
Жәбірленуші анасы Тулпия Мурадымованың сөзінше, тергеушілердің өздерімен сөйлесуі қиындап кеткен.
«Ауруханадан шыққан соң полиция келді. Арыздарыңызды жазыңыздар. Заң сіздердің жақтарыңызда деген болатын. Кейіннен тергеушілердің бізбен сөйлесулері қиын боп кетті», — дейді Тулпия Мурадымова.
Ал Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де аталған іс бойынша қарашаның 23-не қосымша сот медициналық сараптаманың тағайындалғанын алға тартты.
«Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 107 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 23.11.2018 жылы аталған жайт бойынша тағайындалған сот медициналық сараптама қорытындысын нақтылау үшін комиссиялық сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.
ҚР ҚПК-нің 201 және ҚР ҚК-нің 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді», — дейді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.
Алайда, жарты жылдан кейін қосымша тағайындалған сараптаманың өзі әлі де жасалмаған көрінеді. Жәбірленушінің анасы уәде етілген бір айдан астам уақыттан бері ешкім де ешқандай да сараптама жасату туралы төбе көрсетпегенін айтады.