Шымкентте «Artsport» бағдарламасы бойынша екі айдан бері ақысын ала алмаған бизнес өкілдері бас көтерді

0
441

Шымкентте Аrtsport жобасы арқылы жұмыс істеп отырған жүздеген кәсіпкер 2 айдан бері әкімдіктен тиісті қаржыларын ала алмай жүр. Бұған дейін бөлініп келген ақшаның тоқтап қалуынан 30 мың бала тегін үйірмеден қағылайын деп отыр. Жауапкершіліктен жұрдай жергілікті шенеуніктердің теперішінен шаршадық деген бизнес өкілдері бүгін бас көтерді. Өйткені істі бастаған 500 компанияның өкілі қазір банкрот болудың алдында тұрмыз дейді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жергілікті әкімдіктің алдына жиналған кәсіпкерлер қайыршыдан еш айырмашылығымыз қалмады дейді. Айтуларынша, таңның атысы, кештің батысы әкімдікті торуылдаумен күндері өтіп жатыр екен. Artsport жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар екі айдан бері тиесілі қаржыларын ала алмай жүр. Жалпыұлттық жобаға бөлінген қаржыны жауаптылар қалтасына еш ойланбастан басты дейді көпшілік. Оған негіз де жоқ емес. Екі ай бұрын, ақшаны жымқыру айыбымен Шымкент қаласы мәдениет басқармасының экс-жетекшісі Демеуғали Бақов ұсталған.

“Бұлай ақшасыз қалуымыз бірінші рет. 1 шілдеден бастап қаржыландыру мүлдем тоқтады. Әлі бір тиын алмадық”,  – дейді кәсіпкер Юрий Ким.

Осыған дейін Artsport жобасы арқылы мемлекеттен қаржы алып, балаларды тегін үйірмемен қамтып келген «Ритм» би мектебіне 240 бала келетін. Директор Раиль Файзуллиннің айтуынша, мектепті толық қамтамасыз етуге айына 4 миллион теңге қаржы қажет. Бұл сомаға төрт мұғалімнің жалақысы, аренда, қажетті құрал-жабдықтар кіреді дейді.

“Біз мына жалдап жатқан ғимараттың ақысын төлемедік. Екі айлық қарыз қазір менің мойнымда тұр. Бұлай істеуге болмайды ғой. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істегендіктен, қызметкерлерге міндетті түрде жалақыларын, еңбек демалысына бөлінетін ақшаны беруім керек”, – дейді Шымкент қаласы «Ритм» би мектебінің директоры Раиль Файзуллин.

Абыройдан жұрдай болған бағдарламаға ата-аналар сенуден қалған. Кәсіпкерлердің айтуынша, билік өкілдері кінәні өзімізге артып, сағымызды сындырды деп налиды. Бүгінгі екі жақты кездесу де ымырамен аяқталмады. Әкімдіктегілер дүрліккен елді сабасына түсіріп, түсіндірмекке ішке кіргізді.

“Қазір  не талап етсеңіздер де төлей алмаймыз. Сізден хат талап етіп отырмыз”, – деп қысқа қайырды Шымкент қалалық әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге Шымкент қаласы бойынша бас-аяғы 600 миллион теңгеге жуық қаржы төленуі тиіс. Мәселенің жуырда  шешіле салмайтыны анық. Тергеу амалдары кемі жарты жыл жалғасатын көрінеді. Ал оған дейін кәсіпкерлер жалдаған ұстаздары мен жаттықтырушыларының айлығын өздері төлеп, балаларды таратып жібермеудің амалын жасауына тура келеді.