Шақалағын дәретханаға лақтырған қыз қамауға алынбайтын болды
Облыстық полиция департаменті Батыс Қазақстан облысында жаңа туған нәрестесін дәретханаға тастаған жас қыздың қамауға алынбайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.
Өз кезегінде полициядағылар одан ешқайда кетіп қалмау туралы қолхат алған. Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жас қыздың жағдайы қазір қанағаттанарлық.
«Қыз баламен психолог мамандар жұмыс істеді. Оны медициналық мекемеде ұстап қалуға негіз жоқ», — деді басқармадағылар.
«Ауруханадан кейін қыз бала Жалпақтал ауылының полиция бөліміне жеткізілді. Күдіктіден жауап алынып, бірқатар сараптама тағайындалды», — деді полиция ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Еске салсақ, 23 қарашада БҚО-ның Казталов ауданы Жаңажол ауылында 19 жастағы бойжеткен жаңа туған сәбиді көшедегі дәретханаға лақтырып кеткен. Шақалақ гипотермиядан шетінеп кетті. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» бойынша жүргізілуде.