ҚМДБ өкілі: Орамалды шешіп, бейәдептілікке бару — күнә

0
205
Сурет: instagram.com/akbotanurabaykyzy/
Advertisement

Хайп қуғандар енді хиджабқа көшкен бе? Басындағы орамалын ойламай темекісін бұрқыратып, хиджабын бір киіп, бір шешіп, қысқасы мұсылмандық киімді мазақ қылғандар көбейіп барады. Арасында ел аузында, көптің назарында жүрген өнер адамдары да бар. Алайда бұған қатысты дін өкілдері не дейді? Орамалды ойыншыққа айналдырғандар кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұған дейін қысқа киінуден еш қымсынбаған өнер иесі әп-сәтте орамал тағып, оқырмандарының алдына жаңа образымен шыға келді.

«Ассалаумағалейкум, қымбаттылар, осындай керемет жаңалықпен бөлісуді Алла нәсіп етіпті», — деп жазды ол.

Әрине, әншінің бұл шешіміне тыңдармандары таңданысын жасырмады. Дегенмен даттағандардан гөрі, жақтағандар көп еді. Алайда арада ай да өтпей, Ақботаның орамалы жайына қалды.

Әндерімен талайды тәнті етіп жүрген инста жұп Ақсұңқар мен Арайлым да жуырда сынға қалды. Байқағандарыңыздай, көп уақыт басынан орамал тастамаған танымал блогердің образында да өзгеріс. Арудың хиджабпен жүргенін қайын жұрты жақтырмаған-мыс.

«Бірден ойларыңызға «Мына қыз не істеп жүр?! Ойыншық па бұл қызға хиджаб?!» деген ой барын білемін, бірақ мен әрине әрі қарай да хиджабыммен жүргім келеді. Мен бәрін түсінемін. Хиджаб шешу — бұл менің қалауым емес! Мен Шымкентке бүгін ғана келін болып түстім, ал менің қайын жұртым мені хиджабпен қабылдай алмады. Ал мен екінші анамның разылығын алмай бір беткейленіп жүре алмадым», — деді Арайлым.

Ал бұл танымал режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаева. 5 баланы тәрбиелеп отырған бақытты отбасының ажырасуына не түрткі болғаны әлі де белгісіз. Тек соңғы кездері көп уақыт орамал таққан Назираның біресе темекі тартып, біресе хиджабсыз түскен суреттері жиілей түседі. Бұған ол «әркімнің жеке өмірі мен жеке таңдауы бар» деп қысқа ғана жауап қатты.

«Қазір адамдардың ең осал тұсы біз сыртқы факторға көп тәуелдіміз. Анау былай дейді деп. Кейбіреулер қатты қысым жасайды. Туыстарының тарапынан. Жұмысқа алмай қояды. Сондықтан амалсыз шешіп жатады», — деді қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы.

Дегенмен хиджабын бір киіп, бір шешіп, орамалын ойыншыққа айналдырып, қысқасы мұсылман киімін мазақ қылғандарға қатысты шариғатта былай делінген.

«Орамал тартуды ойынға айналдырмау керек. Мода үшін емес, Алла разылығы үшін болу керек. Орамал шешіп жатса, тіпті бейәдептілікке барып жатса, кейін ол күнә деп есептеледі», — деді ҚМДБ шәриғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Хасан Иманқұлов.

Ал желідегі жұрт арулардың бұл әрекетін «Хиджабты — хайп үшін пайдаланумен тең» деп бағалап отыр.