Салықтан жалтарған жүргізушілердің көлігін тартып алу басталды
Алматыда мемлекеттік кірістер департаменті салық төлемеген жүргізушілердің көлігін тартып алып жатыр. Жеке жүргізушілердің көлік салығы бойынша төленбеген қарыз сомасы – 3,6 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды kznews.kz сайты МКД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салықтан жалтарып жүрген азаматтардың саны 41 мыңға жуықтайды. Жеке сот орындаушылар арқылы берешекті өндіріп алумен қатар көліктерді тәркілеу де қатар жүреді. Мамандар жауапкершіліктен жалтарған жүргізушілерді «Сергек» камерасы арқылы анықтап жатыр. Осы уақытқа дейін жеке сот орындаушыларға бір млрд теңгеден астам қарызды өндіру туралы құжат түскен.
«МКД автожолдарда Әділет департаментінің өкілдерімен және жол полициясының қызметкерлерімен бірлесіп «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен көлік құралдары салығы бойынша борышкерлерді анықтау іс-шараларын бастады. Қарыз соммасы 534,1 мың теңге құрайтын NISSAN PATROL маркалы автокөлік ұсталып, айыппұл тұрағына қамалды», — деді қалалық МКД баспасөз қызметі.
Өз кезегінде сот орындаушылары жүргізушілердің банктік шоттарын бұғаттап, жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарумен қатар шекарадан шығуға да тыйым салады. Салық бойынша қарызды күштеп өндіру жыл соңына дейін жалғасады. Ал ұсталған көліктерге салықтан жалтарғандығын жұртқа көрінетіндей жазуы бар тент жабылады.
«2020 жылдың 1 сәуірі мен осы жылдың 1 сәуірі аралығы бойынша көлік салығын төлеу керек. Салық төлеуді E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, Egov порталы арқылы, Қазпошта бөлімшелерінде, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы жүргізуге болады. Тұрғындарды уақытылы салық төлеуге шақырамыз», — деп ескертті департаменттің баспасөз қызметі.