«Сағынып кеттім деп екі бетімнен сүйді»: Аягүл Мантайдың соңғы күні туралы анасы мен туыстары айтып берді
“Серпер” жастар сыйлығының лауреаты, «Жүрекке оралу» кітабы мен «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағының авторы Аягүл Мантай 29 шілде күні өмірден өтті. Ол Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоныс ауылындағы өз үйінде өзіне қол жұмсады. Қаза жайлы анасы мен жақындары айтып берді.
Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Оқырманы жазушының шығармаларымен таныс. Халықты қолдап, жүрекжарды жазбаларын жариялап келген жазушы қыз өзіне қол жұмсады. Оның қазасынан соң ет жақындары, құрбылары мен оқырманы есеңгіреп қалды. Жазушыны қорғай алмадық деп қайғырды. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазадан соң әлеуметтік желідегі кибербуллинг мәселесі де жиі сөз болды.
Аягүлдің анасы Гүлзағира апай оның соңғы күндерін еске алып, қазаның қалай болғанын айтты.
“27 шілде күні сағат 12:30 шамасында Аягүл үйге келді. Қатты жүдеу, көңілсіз көрінді. Бір кесе сорпа мен екі қызанақ турап жеді де, тым-тырыс жатты. Ештеңе деген жоқ.
Түстен кейін бөлмесіне кірдім. «Балам, тамақ істейік» дедім. Етін мол салып, картобын қып-қызыл етіп қуырып тамақ істеді. Далада тамның жанында отырып екеуміз шай іштік. «Қызым, неге бұлай азып кеттің?» деп сұрадым. «Мама, ары шаптым, бері шаптым, шаршадым» деді.
Ертеңіне ерте тұрып ет астым. Кіші тамда қамыр илеп отыр едім, есіктен қарап тұр екен. Бұл тамда ара бар еді. Шағып алмасын деп «кірмей-ақ қойшы» дедім. «Мама, сізге қара-а-ап тұрмын ғой» деді даусын созып. Содан ары-бері жүрді де қойды. Түсте абысынымды да тамаққа шақырдым. Аягүл бірге отырып тамақ ішпеді. Бөлмесіне тамақты апарып бердім. «Мама, ештеңе жегім келіп тұрған жоқ, кейін ішемін» деді.
Бесін кезінде далада отырып ас іштік. Сорпа ішті. Содан жатты. Түн ортасында далаға шығып отырды. Қарбыз жедік. «Мама, сіз теледидар көре беріңіз, мен жазу жазамын» деді. Түн ортасында сыртқа шықсам, тық-тық етіп ноутбугімен жазу жазып отыр екен. «Қызым-ау, жатсаңшы, шаршадым деп едің ғой» дедім. «Жоқ, мама, жұмысымды жазып қояйын» деді.
Сағат бесте таң намазын оқуға тұрдым. Далада дәрет алып жүрсем тықыр-тықыр еткен дауыс шықты. Мысық екен деп ойладым. «Мама, мен ғой» деді. «Әй, неғып тұрсың?» дедім. «Сізді күтіп тұрмын» деді де, «мама» деп құшақтап екі бетімнен сүйді. «Сағынып кеттім» деді.
Содан соң намаз оқыдым, тәспі аудардым. Үй тірлігімен жүрдім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, Аягүлдің бөлмесіне кірдім. Екі терезе ашық тұр екен. Өзі жоқ. Жүгіріп далаға шықтым. «Айка!» деп едім, жауап бермеді. Үй алдындағы тамға кірдім. Кейде, шай қойып диванның үстінде отыратыны бар еді. Ол жерде де жоқ. Сыртқа шығып, кіші там жанындағы қораға қарадым. Есігі ашық тұр екен. Ішке кірсем, қызым тұр ғой… Жан дауысым шығып шыңғырдым… Содан кейін не болғанын білмеймін…
Айқай салған соң жан-жақтан адамдар келіп, қызымды дереу шешіп алып, үйге әкелген екен. Үлгермедік.. Кетіп қалыпты…
Ол менің көйлегімді мүлде кимейтін. Бұл жолы келгеннен көйлегімді киді. Түске дейін бір, түстен кейін басқа көйлегімді киді. Кешке шомылды, басын өзі жуды. Бұрын бір күн демалып, көршілермен, ағайынмен амандасып шығатын. Бұл жолы үйден шықпады.
Қызым не істесе де маған айтатын. Мінезі жұмсақ, ақкөңіл еді. Бауырмал болатын. Кеткеннен кейін ес жинай алмай отырмыз”, – деді Гүлзағира Мантаева.
Құрбысы Бану Оңдасынова Аягүлмен соңғы рет не сөйлескенін айтты.
“Соңғы рет 28 шілде күні түнде сөйлестік. Қатты қиналып отырғанын айтты. «Бір аптаға ауылға келші, жанымда болшы» деді. Бірақ өз-өзіне қол жұмсайды деп ойламадым. Таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда сіңлісі Аягүлдің қайтыс болғанын айтты. Не істерімді білмедім. Бармағаныма өкіндім.
Аягүл өте сезімтал еді. Мінезі тік болды. Еркіндікке ұмтылды. Бұған дейін мұңайған, қиналған кезі болғанымен, өз-өзіне қол жұмсау туралы сөз болмады.
Ол соңғы кезде күйзеліске түсіп, жалғызсырап жүрді. Өйткені өмірінде біраз сәтсіздік болды. Ол – әдебиеттің адамы, жазушы. Мемлекет тарапынан, жазушылар одағы тарапынан қолдау көрмеді. Ол қолдау, қамқорлық күтті. Жеке өмірі болмады. Отбасы, баласы болмады. Бұл – әйел адам үшін өте қиын нәрсе. Сезімі жауапсыз қалды.
Аягүлге үлкен стресс әкелген – інісінің қазасы. 2018 жылы тамыз айында жалғыз інісі Тұратбек Мантаев 34 жасында көлік апатынан көз жұмды. Бұл қаза оның қабырғасын қайыстырып, жүрегіне жара салды. Соңғы жылдары үнемі ашушаң, шаршаңқы жүрді. Көп жазбай кетті.
Қыстыгүні Аягүл Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбектен жұмыс сұраған. Ол ойластырайын деген. Бірақ жұмысқа шақырмады. Сәуле Әбілдаханқызы мен Әлия Құдайбергенованы жұмысқа шақырды. Соған Аягүл ренжіді.
Сәуле Әбілдаханқызы соны білгеннен соң әлдекім туралы Аягүлді белгілемей, атын атамай Facebook-те жазба жаза бастады. Желі қолданушылары мұны «Аягүл Мантай» деп пікір білдірді. Аягүл оны көріп қатты қиналды.
Жардың жағасында тұрған адамды Facebook-тағы бұл шабуыл құзға итеріп, құлатып жіберді. Сәуле мен Аягүл бұған дейін өмірде кездеспесе де, бір-бірі туралы өте жақсы пікірде болған”, – деп жазды құрбысы.
Жазушының сіңлісі Тоты Мантай анасының бұған дейін ұлынан айырылғанын айтады. Қызының қазасы анаға тіпті ауыр тиген.
“Аягүл сезімтал, жүйкесі әлсіз болды. Ол ерекше туған адам ғой. Сөзді бірден түсініп қоятын. Ондай адамға өмір сүру қиын еді.
Ол әкеме жақын болды. Әкеме тартқан интеллектуал еді. Әкем де әділетсіздікке төзбейтін. Қазір анамда не жүрек қалды дейсіз? Бұдан бұрын төрт баласы қайтыс болған, енді қызы қайтты.
Бәріміз Аягүлге арқа сүйейтін едік. Мені, ағамды докторантураға дейін оқытты. Бүкіл ауыртпалық өзіне түсті. Ғылым докторы болсам да, Шымкентте жұмысқа кіруім қиын болды. Қайтыс болған ағама да тіпті мектептен жұмыс табылмаған еді. Аягүл де Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетін бітіріп келсе де, жұмыссыз қалды. Журналистикадан кетті. Имидждік материалдар жазып, күнін көріп жатты. Жұмыссызбын демеді.
Аягүлдің арманы – шығармашылықпен айналысып, жеке үй алу, жайлы өмір сүру, балалы болу еді. Оған ер адамның махаббаты жетіспеді.
Аягүлдің балалық шағының өзі керемет өткен жоқ. Өзбекстанмен шекарадағы ауылда тұрамыз ғой. Жоқшылықта өстік. Кейде үйде нан болмай қалатын. Орнына картоп қайнатып жейтінбіз. Мамам жалғыз жұмыс істейтін. Енді адам болдым деген кезде жоқшылықтан өлді деген күлкілі нәрсе”, – деді сіңлісі.
Желіде өз есімі аталған соң Мәди Манатбек те оқиғаға пікір білдірді.
“Адамның өмірі түгіл өлімі де шоуға айналып кетті. Аягүлдің жағдайы – соның дәлелі. Кеткен адамның сыртынан тірі адамдар әлі маздатып, әруаққа тыныштық бермей жатырмыз. Енді анасын, туған-туысын, тірі жүрген жандарды ойлаңыздар.
Бұл жерде мәселе жоқ, кінәлі де жоқ. Тағатсызданып, кінәліні табам десеңіздер, алдымен тергеу ісімен танысып, әліптің артын бағыңыздар. Ең болмаса жан-жақты, бейтарап күйде журналистік зерттеу жүргізіңіздер. Бәрібір жазамын десеңіздер, Аягүлдің шын болмысын, психикалық күйін талдап, жан-жағына, ең жақын достарына көрсеткен агрессиясына да мән берсеңіздер. Бірақ бұған бармағандарыңыз жөн.
Өз басыма келер болсақ, Аягүлге көмектесуге тырыстым. Көп болса үш рет жұмыс барысымен көпшілік ортада жолықтық. Ал оның мен туралы қиялына, эмоциясына қатысым жоқ. Тіпті қанша мазаласа да, ауыр сөздер жазса да, ақылға келер деп, бірде-бір рет жауап қатқан жоқпын. Оған уақытым да, құлқым да болмады. Ешқандай скрин болған емес (әлеуметтік желіде марқұм Аягүлдің құпия хаттарының скриншоттарын әлдекімдер басқа біреулерге жіберіпті деген әңгіме тараған — ред.).
Сәуле Әбілдаханқызына келер болсақ, Аягүлге қамқор болған жанның бірі – Сәуле. Аягүлге көмектесейік, барынша қолдау көрсетейік деп, ізігілікке бастау болған да – Сәуле. Мен оған дейін Аягүлді танымайтынмын.
Жалпы мән-жайды көріп-білмей, сырттан тон пішу – барып тұрған мәдениетсіздік. Айтар болсам сөз де көп, қуа берсек бәле де табылады. Тыншитын кез болады өзі.
Егер әркім өз қара басын ойлап, қолда бардың бәрін елдің алдына жайып сала беретін болсақ, бұл іс тағы бір трагедиямен аяқталады. Енді анасы, сіңлісі, құрбысы Банудың не Сәуленің жағдайы қиын болуы мүмкін. Олар қазір өте ауыр күйзелісте. Сондықтан не жазсаңыздар да ойланып, ақылмен істеңіздер. Осы уақытқа дейін сабырға жеңдіріп отырғанымды қорқақтық, аярлық деп ойламаңыздар. Қазақы қалыптан аттап кеткім келмейді”, – деді Мәди Манатбек.
Ал Сәуле Әбілдаханқызы тергеу құпиясына байланысты пікір бере алмайтынын алға тартты.