«Рұқсат сұраған жоқ»: Жарқынай Ханайым өзге актрисамен сүйіскен күйеуі жайлы пікір білдірді

0
1682

Отандық танымал әнші әрі актриса Жарқынай Ханайым телехикаяда өзге актрисамен сүйіскен күйеуі Айдар Асқарбектің әрекетіне қатысты өз ойын айтты. Өнер иесінің сөзінше, телехикаяда ондай сахнаның болатыны оған мүлдем ескертілмеген. Ол жолдасы мен әртіс арудың сүйіскен сәтін үлкен экраннан бір-ақ көрген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жарқынай Ханайымның жеке өмірі бүгінде халық арасында қызу талқылануда. Ерлі-зайыптының арасында орын алған келіспеушілік желіде тарап кеткен. Оған Айдар Асқарбектің түсірілімде өзге арумен сүйіскені себеп болса керек. Бұл жайтқа қатысты әншінің өзі жауап берді. Ол мұндай сахнаның болатыны жайлы өзіне ескертілмегенін және ешкім одан рұқсат сұрамағанын айтты.

Жарқынай Ханайым жан сырын «Ревю» бағдарламасында ақтарған. «Реніш, түсініспеушілік болды. Әйел адам болған соң, кішкене ауыр қабылдадым. Қарапайым жерде өстім. Жанұя туралы да, шығармашылық туралы да түсінігім басқаша. Түсінгенім, бұл жағдайды басқаша қабылдайтын, басқа да орта бар екен. Эмоция, ренжіген адамдарым болды. Бірақ қазір бәрін жібердім. Әркімнің өзінің шындығы бар ғой. Алдымнан ешкім өткен жоқ, рұқсат сұраған жоқ. Үлкен экраннан бір-ақ рет көрдім. Олай болса да, ондай деңгейде, қатты кетеді деп ойлаған жоқпын. Әрбір әйелге өзінің жарын басқа біреумен көру, тіпті образ болса да елестету қиын», — деп ағынан жарылды ол. Айта кетерлігі, Айдар Асқарбек бұл кинотуындыда «Кешью» тобының әншісі Наргиз Алтайбаймен сүйіскен еді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жарқынай Ханайымның әсерлі жазбасы желіні шулатқан болатын. Әнші ару енді жолдасымен бірге емес екендігін жазып, оған қызы үшін рахмет айтқан. Ол осымен өмірінің бір парағы жабылғанын жеткізді. Алайда, кейіннен өнер иесі бұл жазбасын өшіріп тастаған. Желі қолданушылары ерлі-зайыптылар үшін алаңдап, жанашырлық танытты. Олар қос жұлдызды ажырасып кетті деп болжады.